«2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» пленарлық отырыс

211
Бүгін Мәжілісте «2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» пленарлық отырыс өтті. Депутаттар алдында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Наталья Годунова есеп берді.
Жиында қазына қаржысын оңды-солды шашуға қатысты Н. Годунова айтқан мәліметтер жаға ұстатады. Мәселен 2022 жылы 292 жобалық сметалық құжаттар (ПСД) 5,9 млрд теңгеге дайындалған. Егер жоба құны осындай болса, онда құрылыстың құны қанша болғаны? Бірақ бұл жобалар кейін керексіз болып қалады.
Сонда қаншама қаржы желге ұшты. Сізге қарапайым тілмен түсіндірсем жоба құжаттамасы дегеніміз – салынатын қандай да бір құрылыстың алдын ала сызбасы. Ал бұған қыруар қаржыны далаға шашу дарақылық. Ал соңы сұйылып, орындалмауы тіптен масқара емес пе?!. Мені ЖСҚ бағасын шарықтату арқылы құрылыс жүргізу таңқалдырады.
Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың кірісі мен табысы жұмбақ жағдайда тұр. Айталық «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» бастаған ұлттық компания, холдингтер қаржысының жұмсалу жайы, есебі ескерусіз қалып келеді. Олар алдымен біздің қоғамға, үкіметке пайда әкелуі тиіс. Олар керісінше қазына қаржысына ортақтасып отыр. Былтыр қаржыландыру көлемін 38%-ға көбейтіп алды.
Ал осы квазимемлекеттік компаниялардың шотында былтыр 46 млрд теңге игерілмей жатқан. Елдегі түрлі салаға қаржы жетпей жатқанда неге олардың қоржынында артық ақша қалады? Үкіметке қол жайып, қаржы сұрай бермей, кері қайтарсын немесе нәтиже берсін. Осындай ірі компаниялар депутаттық сауалдарға да дұрыс жауап бермейді. Жауап берсе сұйылған сөйлем мен мардымсыз мәлімет береді. Осыны да ортаға салуға тура келді.
Жиында Жоғары аудиторлық палата тарапынан МӘМС пен оның 20 филиалына тексеру жүргізуді бастайыны ұнады. Сонымен қатар отырыста аймақтарды газдандыру мәселесіне тоқталдық. Ұлттық экономика министрлігі аймақтарды газдандыруға қатысты республикалық бюджеттің 4,9 млрд теңгесін игермеген. Оның ішінде Жамбыл облысы да бар. Яғни, мәселе – мақсатты жұмсалмауында. Қазір соты жүріп жатыр. Қаншама ауыл газ кіруін күтуде. Халықпен кездесулерде Жамбыл облысы тұрғындары газдың жоқтығына жиі шағымданады. Тіпті бүтін бір Мойынқұм ауданы әлі күнге газсыз отыр. Үкімет пен әкімдіктер алдағы екі жылда елдегі барлық өңірді 100% газдандыру керек деп санаймын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.