ДЕПУТАТТАРДЫҢ БАЗАРЛЫҒЫ

73
Көптен күткен жаз мезгілі «Балалар– біздің болашағымыз» атты дәстүрге айналған игілікті іс-шара мен тосын сыйлардан басталды.
1 маусым — Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай Мойынқұм ауылының тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутаты Бекболат Өткелбаев ауылымыздың кішкентай балаларын қуантып, шаттыққа бөледі.
Жеке кәсіпкер биыл 2560 дана 13 түрлі балмұздақ тегін үлестіріп, балалық шақтың бақытты сәтін балаларға бір сезіндірді.
Өткен жылы да дәл осылай бүлдіршіндердің езуіне күлкі үйіртіп, тәттілер үлестірген болатын. Сондағы «Магнит+» сауда орталығының алдынан өз қолымен салған, ойын-сауық алаңдарын да балалардың шат — шадыман көңілі үшін тегін іске қосқан еді. Биыл да тегін батутта ойнаған бүлдіршіндер мәз-мейрам болысты.
— Мен бұл ісімді балалардың жүрегіне титтей де болса жылулық кірсін, үлкен ағасының сыйлығы ретінде қабылдасын деп жасадым. Балалардың қуанышыәлемнің қуанышы ғой. Ең бастысы балалар риза болсын. Ауылымның бүлдіршіндері өсіп, жан-жаққа кеткенде сол кішкентай кезіндегі жеген балмұздағының дәмі есінде қалып, ауылын аңсап, туған жеріне жақсылық жасауға асығып жүрсе екен. Кішкентай ғана балмұздақ жүректерінде үлкен махаббатқа, туған жеріне, еліне деген үлкен сүйіспеншілікке айналса екен, – дейді депутат, кәсіпкер Бекболат Өткелбаев. Сол маңнан өткен ауылдың балалары бұл дүкенді «мороженое беретін магазин» деп те атап кеткен.
Бұл күні жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Қанат Көшербаев та ауыл балаларына 1000 дана балмұздақ тегін таратты. Жақсы адам қашанда жақсы істі жалғастыруды жаны сүйеді. Сол жақсы ісі халықтың игілігіне, қажетіне жарап жатса, халық сүйіспеншілігіне бөленгені деп түсінген жөн шығар.
Игілікті іске ұйытқы бола білген жеке кәсіпкерлерге қарасы қалың жиналған жұрт ерекше көңілмен өз ризашылықтарын білдірді. «Үлкеннің онына бергенше, кішінің біреуіне бер!» – дегенді біліп, бала көңілін қалдырмауға тырысайық. Мұндай өнегелі жомарттық іс ауданымыздағы әр кәсіпкерге үлгі болса, игі.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.