Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

79

Бүгін, 1 маусым елімізде Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге орай Twitter парақшасында құттықтау жариялады.

«Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Балаларымыздың болашағы баянды болсын!»  деп жазды Президент.

Бұл мерекені 1949 жылдан бері әлемнің көптеген елі тойлайды. Тұңғыш рет 1950 жылы аталып өткен Халықаралық балалар күнінің өз жалауы бар. Бұл жерде Жер шарын қоршаған түрлі бала бейнеленген.

Бұл күнді мереке ретінде атап өту 1925 жылы Женевада балалар мәселелеріне арналған Дүниежүзілік конференцияда қабылданған.

Халықаралық балалар күні кейбір елдерде басқа күні мерекеленеді. Мысалы, Малайзияда қазан айының соңғы сенбісінде, Оңтүстік Корея мен Жапонияда 5 мамыр күні, Сингапурда 1 қазан күні, Түркияда 23 сәуір күні тойланады. Ал Африкада балаларды қорғау күні 16 маусымға белгіленген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 18 жасқа толмаған 6,7 миллионға жуық бала тұрады. Жалпы халық санындағы кішкентай қазақстандықтардың үлесі қазір 34,1%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш он жыл бұрын 30,1% болса, 2010 жылы небәрі 29,7% болған.

Өңірлер бойынша халықтың жалпы санындағы балалардың үлесі Түркістан облысында – 43,3%. Ал Солтүстік Қазақстан облысында – 24%.

https://turkystan.kz/article/224694-bugin-halykaralyk-balalardy-korgau-kuni-2/

Leave A Reply

Your email address will not be published.