Жамбыл облысында балық саласын дамыту мақсатында 21 инвестициялық жоба іске асырылуда

197

Т. Рысқұлов ауданында «Nomad» балық шаруашылығында балық саласын дамыту бойынша семинар-кеңес өтті. Іс — шараны ашқан Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов балық өсіру саласы ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі екенін атап өтті. Жиында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев осы саланың ахуалы мен дамуы жайында баяндады.

  • Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасына сәйкес 2022 жылы облыста 464,3 тонна тауарлы балық өндіру көзделген. 2022 жылдың қорытындысымен 483 тонна тауарлы балық өндіріліп, бағдарламадағы көрсеткіш толық орындалды, Биыл 666,1 тонна балық өндіру жоспарда,-деді Олжас Баққараев.
  • Былтыр жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 78,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Ал, биыл бұл сомма 281 миллион теңгеге артып отыр.

Айта кетейік, өңірде балық саласын дамыту мақсатында 1,4 млрд. теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Семинар барысында балық шаруашылықтарының өкілдері технологияларды дамыту және аграрлы білім деңгейі мен практикалық тәжірибесін арттыру, ауылдық жерлерде балық өсіруге қызығушылықты арттыру мәселелерін талқылап, саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Облыс әкімі жиын соңында жауапты мамандарға балық шаруашылығы субъектілерінің өзекті мәселелерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

— Биыл облысымызда балық саласын субсидиялау көлемі үш есеге артты. Біз бұл соманы жыл сайын көбейтуге тырысамыз. Өңірде балық шаруашылығын дамытудың болашағы зор. Сондықтан су қоймаларын туристік нысандарға айналдыруға болады, бұл балық шаруашылығына да, туристік саланы дамытуға да мол мүмкіндік береді, — деп қорытындылады облыс әкімі.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.