Тұрғындардың өтініш-тілегіне уақытылы жауап қайтарылуы керек

255

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында бөлімдердің орындаушылық тәртібі мен округ инспекторларының жұмысы зерделеніп, қызметіне салғырт қарағандар ескерту алды.
Сондай-ақ бюджет қаржысының игерілуі мен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу барысы да талқыланып, алда тұрған міндеттер айқындалды.
Ең әуелі қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов баяндама жасап, бөлімдердің жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын мерзімінде қарау тәртібіне жан-жақты тоқталды.
– Ағымдағы жылдың төрт айында қала әкімдігіне 8 250 жолданым түскен. Оның ішінде арыздар 7 280 болса, шағымдар 160 және басқа жолданымдар – 810. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға кемігенін көрсетіп тұр. Қаралған жолданымдардың 1 986-ы қанағаттандырылса, қанағаттандырудан бас тартылған жолданымдар саны – 549. Түсініктеме берілгендері 1916 болса, қараудан қысқартылғаны – 159.
2 926 жолданым тиісті мекемелерге өз құзыреті шегінде қарастыру үшін жолданған. 714 жолданым орындалу үстінде.
Талдау барысында қала әкімдігінің бірқатар бөлімдерінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарының бұзылуына жол берілген. Бұл өз кезегінде жолданымдарды қарау мерзімі мен арыз иелері құқықтарының бұзылуына әкеп соққан.
Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің 63-бабының талаптарына сәйкес, жолданымды қабылдаған кезде жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты толық жазылуы, жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы болуы тиіс. Осы кодекстің талаптары тұрғын үй қатынастары бөлімінде сақталмай отыр. Атап айтсақ, «E-өтініш» ақпараттық жүйесінде құжаттарды тіркеу бөлігіне жолданым иесінің аты-жөні толық жазылмай, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген. Тиісті кестелері толтырылмаған. Сонымен қатар «E-өтініш» ақпараттық жүйесіне 446 жолданымның түпнұсқасы салынбаған, – деген аппарат басшысы өзге бөлімдердің де жіберген олқылықтарын айтып шықты.
Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы кемшілік жіберген бөлім басшыларынан жеке-жеке жауап алып, жолданымдарды уақытылы қабылдап, оның орындалу маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ жеке сұрақпен келген қала тұрғындарының өтініш-тілектері ескерусіз қалмауы қажеттігін қатаң ескертті.
Бұдан кейін сөз алған қала әкімінің кеңесшісі Дәулет Төленді округтердегі тазалық жұмыстарын баян етті. Кеңесшінің сөзіне сүйенсек, бірқатар округ инспекторлары алдыңғы аппараттық кеңесте айтылған сын-ескертпелерден сабақ шығарса, екіншілері жұмысына тиісті деңгейде көңіл бөлмеген.
Аппараттық кеңесте бюджет қаржысының игерілуі мен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу барысында қателікке жол берген басшылардың да мәселесі жіті қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Тараз қаласының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.