Аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады

46

Атқарушы билік алдына келген азаматтардың әрбір уәжіне құлақ түріп, мәселесіне тереңінен үңілу арқылы халықтың сеніміне ие болары белгілі. Бүгінгі таңда Президенттің пәрменімен осы мәселе оңынан шешіліп, барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті тұрғындармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, халық пен билік арасындағы байланыс беки түсуде.
Сәрсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Аудан басшысымен жүздесіп, алаңдатқан мәселелерін жеткізуге бұл күні он төрт азамат жазылған екен.
Алыс-жақын елді мекендерден келген тұрғындардың өтініштерінің басым бөлігі ауылдардың инфрақұрылымы, жер, тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды. Мәселен, аудан әкімінің жеке қабылдауында болған Қайнар ауылының қариялары жол, жарық, жайылым жерлердің тапшылығы сынды ауыл тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселелерді көтере келіпті. Аудан әкімі ардагерлердің әрбір сұрағына тұшымды жауап беріп, хаттамаға енгізілетінін атап өтті. Ал Қордай ауылдық округіне кіретін Красный партизан ықшам ауданының тұрғындары балаларға арналған ойын алаңшасы салынса деген тілектерін жеткізді.
Келесі кезекте аудан әкімімен бетпе-бет жүздескен Гвардейск гарнизоны әскери қызметшілерінің және оның отбасы мүшелерінің жұмыс жетекшісі С.Наханова баға тұрақтылығы, қаңғыбас иттер мәселесі, мұқтаж отбасыларға көрсетілетін көмек, т.б. гарнизонға қатысты өзекті мәселелерді жеткізді. Бұдан бөлек, жеке мәселелерімен келген азаматтар да болды.
Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдаған Бегзат Сейсенқұлұлы әр мәселеге жеке тоқталып, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Кейбір мәселелердің шешімін сол жерде айтып, бірқатар сұрақтарды қарастыру үшін жауапты ауыл әкіміне және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.