Мал басын асылдандыру – маңызды міндет

40

Асыраушы саланы заман ағымына сай дамыту ісі қай кезеңде де аса маңызға ие екені белгілі. Бұл атакәсіпті дамытумен қатар, әсіресе қазір ел өңірлеріндегі шарықтаған азық-түліктің бағасына да тікелей байланысты мәселе. Оның ішінде, қысы алты айға созылатын Жуалы ауданында мал қыстату және мал төлдету науқаны аса маңызға ие шаруалардың бірі. Себебі, қытымыр қыстан төрт түліктің қоңын түсірмей алып шығу, қыста туған жас төлдерге күтім жасау, жалпы мал төлдету жұмыстары – шаруа мен малшы қауымы үшін жауапты кезең саналатыны белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында асыраушы саланың әлеуетін арттыруға көбірек көңіл бөлінгені белгілі.
Аталған Жолдауда айтылған «Дамыған агроөнеркәсіп кешені» деп аталатын бесінші тапсырмасында Президент: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.
Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет.
Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетінің 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемі 70 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту – маңызды міндет. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үкімет нақты нәтижеге қол жеткізуі керек»,- деп атап өтілген.
Иә, аграрлық саланы дамыту ісі қай кезеңде де күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екені анық. Ал ауылда адал еңбек етіп, сол арқылы ең біріншіден отбасын асырап, қала берді, мемлекетке де пайдасын тигізіп жатқан шаруа азаматтар арамызда аз емес. Талаптанып, алға қарай дамуды көздеген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан бірқатар көмек-қолдаулар көрсетілу үстінде. Жаңа заманның ағымына ілесіп, шаруашылық ісін алға бастырған азаматтарды қоғамға үлгі етсе де, артық етпейді.
Адал еңбек арқылы алға басқан шаруашылықтар өңіріміздің күнгейінде орын тепкен Ақтөбе ауылдық округінде көптеп саналады. Солардың ішінде, жұмысы жүйелі, мақсаты айқын шаруашылықтардың бірі – «Мұхиддин» шаруа қожалығы. Округтің орталығы Бәйтерек ауылында орын тепкен шаруашылық 2000-шы жылдардың басында құрылған. Міне, осы жылдар аралығында аянбай әрі жүйелі жұмыс істеудің арқасында шаруа қожалық аяғынан нық тұрып, бүгінде биік белестерді бағындыруға күш салуда.
Аталған шаруашылық 2000-шы жылдардың басында құрылған. «Мұхиддин» шаруа қожалығын аяққа нық тұрғанша Светлана Каримова басқарып келді. Әрине, шаруашылық ісін отағасы Мейірхан аға және ұлдары бірлесіп атқаруда. Бірнеше жылдан бері агроқұрылымның тізгінін ұлы Керімхан өз қолына алып, шаруашылықты жаңаша бағытта дамытуға күш салуда. Бүгінде аталған шаруашылықта ірі қара малынан сауынды сиырдың 50 шақты басы бағылуда. Бұл шаруашылық санға емес сапаға жұмыс істегенді жөн көреді. Агроқұрылым негізінен сүт бағытын дамытуға бейімделген. Жылына шаруашылықта бірнеше тонна сүт өндіріліп, шикізат облыс көлеміндегі сүт өңдейтін цехтарға өткерілу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, аталған шаруашылық отандық сүт кластерін дамыту ісіне де өзіндік үлес қосуда.
Шаруа қожалық мал шаруашылығымен қатар егіншілікпен де айналысады. ШҚ басшысы Керімхан Мейірханұлы өз сөзінде, қожалық жұмысын жандандыруға мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының пайдасы молынан тигенін айтады.
-Осыдан он жылдай уақыт бұрын «Сыбаға» бағдарламасының аясында қомақты несиеге қол жеткізіп, оған сауынды сиырлар сатып алып жұмысты жолға қойғанбыз. Әйтпесе, қолдағы азын-аулақ қаражатпен тірлікті жүргізу оңай болмайды. Қаражатсыз тірлік жасау мүмкін де емес. Осы тұрғыда мемлекеттің қолдауы еңсе тіктеуге сеп болғанын баса айтқым келеді.
Ал одан беріде Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен асыл тұқымды қараала сауынды сиырдың бірнеше басын сатып алып келіп, осында жерсіндірдік. Нәтиже жаман болған жоқ. Асыл тұқымды мал өз жемісін беруде. Оған өзіміздің еткен жемісті жұмысымыздың да әсері молынан тиюде.
Біз негізінен санға емес, сапаға жұмыс істегенді жөн көреміз. Ол үшін шаруашылықта негізінен асыл тұқымды малдың басы бағылуда. Қазіргі таңда 50 бастан астам асыл тұқымды сиыр сауып, күндігіне жарты тоннаға дейін сүт өндірудеміз. Шаруашылықта өндірілген сүт негізінен облыстың орталығындағы «Көкжиек» ЖШС-ның сүт зауытына өткізіледі.
Қожалықтың жұмысы негізінен сүт бағытымен тікелей байланысты. Шаруашылықта жайылымдық жермен қатар, 120 гектардай егістік алқабымыз бар. Техникадан шаруаға жарап тұрған – «МТЗ-80» және «Беларусь-892» маркалы тракторлар мен ауыл шаруашылығы тіркемелері мен қосымша агрегаттар бар,- дейді Керімхан Мейірханұлы.
«Сиырдың сүті – тілінде» деген қағиданы баса ұстанған шаруашылық басшылары қолдағы сауын сиырдың азықтық қорына баса көңіл бөле отырып, жыл сайын жаңадан егілетін жоңышқа алқабының көлемін 15 гектарға ұлғайтып, жаңартып егуді дағдыға айналдырған. Одан бөлек, сауынды сиырға құнарлы арпа және бидай жемдік азықтармен қатар, жүгері дақылынан құнарлы сүрлем дайындалып, азықтандырылады. Бұл да сиыр сүтінің мол болуымен қатар, өнім сапасының да артуына үлкен көмек.
Алдыңғы жылдары аталған шаруашылықтың егістік алқаптарына сүрлемдік жүгерінің «Машук-319», «Будан» сұрыптары егіліп, одан құнарлы сүрлем әзірленсе, биыл да бірнеше гектарға сүрлемдік жүгерінің «Лимагрейн» деп аталатын француз тұқымы егілмекші.
-Сүрлемнің шығыны аз. Ол сауынды сиырдың сүтін көбейтуге таптырмас құнарлы азық саналады. Сүрлем мен пішендемені жылда өз малымызға молынан жететіндей етіп дайындаймыз. Онымен азықтанған сауынды сиырдың әрқайсысынан қыс айларында да 10-15 литрден сүт саууға болады. Менің сүрлем әзірлеумен айналысқаныма бірнеше жыл болды. Оның пайдасын жақсы білеміз. Жүгерінің әр гектарынан 45-50 центнерден өнім алудамыз, – дейді қожалық басшысы.
Асыл тұқымды малдың жай малдан қарағанда пайдасы анағұрлым көп. Оны дәлелдеп жатудың өз артық. Ал санға емес, сапаға жұмыс істеу шаруашылық ісін алға бастыратыны сөзсіз. Мал басын асылдандыруды басты мақсат тұтқан шаруашылық басшысы К.Мұхиддинов биыл қолдағы сауынды сиырларды қолдан ұрықтандыру ісін бастағалы отыр. Бұл мақсатта істің көзін, шаруаның жайын жақсы білетін азамат былтырлары көршілес Қырғыз Республикасында болып, асылдандыру бағытында біршама тәжірибе де жинап келді. Енді осыны жүзеге асыру үстінде.
Жалпы жақсы тұқымнан ғана сапалы төл алуға болады. Осыны мықтап ескерген іскер азамат отандық зерттеу институттарымен тығыз байланыс орнату арқылы «Гольштейн», «Швиц» және «Жерсей» деп аталатын сиырдың асыл тұқымды бұқаларының ұрығын осында алып келіп, қолдан ұрықтандыруды бастап та кетті. Сиырды ұрықтандыру ісінде мал маманына біршама тәжірибе де керек. Әрине, шаруашылықтағы ұрықтандыру бағытындағы жұмыстар білікті ветеринар мамандармен ақылдасып, кеңесе отырып атқарылуда. Шаруашылық басшысы өз сөзінде, сиыр тұқымын асылдандыруда америкалық «Таурэс» компаниясының және отандық «Асыл түлік» серіктестігінен алынған асыл тұқымды мал ұрықтарының сапасы туралы жақсы ой-пікірде екенін жеткізді.
-Негізінен асыл тұқымды малдың басын көбейту үшін шаруашылықта өне бойы бір тұқымды сиырларды баға бермей, тұқымдарды араластырып отырған дұрыс. Білікті мал мамандарының да, менің де көзқарасым осындай. Өйткені, бұл дәлелденген нәрсе. Мал тұқымын араластырып отыру дегеніміз – бірнеше тұқымды будандастыру арқылы төл алу. Мұндай буданнан шыққан сиыр тұқымдары ауру-сырқауға, басқа да табиғи жағдайларға өте төзімді келеді. Мал ұстайтын адам ең біріншіден осыны ескерулері қажет. Малдың күнделікті күтімі және жемшөбін дайындау мәселелері өз алдына. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылық ісін жүргізу үшін жан-жақты болуың қажет. Мен өзімді бұл салада үнемі жетілдіріп отырғанды жөн көремін. Жаңашылдықты жатсынбай, жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істесеңіз, оның нәтижесі де жақсы болады,- дейді тәжірибелі шаруа.
«Түлік төлден өседі» десек, бұл шаруашылық асыл тұқымды сиырдың басын өз төлдерінен өсіріп, көбейткенді жөн көреді. Ол үшін жаңа туған бұзаулар бір-екі күннен кейін енесінен ажыратылып, бөлек бағылады. Төлдер толыққанды өсіп, жетілгенше оларға шамамен үш жарым айға жуық уақыт сүт беріледі. Ал бұзауға берілетін құнарлы жемшөп өз алдына. Бағымы жақсы болған соң бұзаулардың да дене тұрқы өте ірі. Бұл өз кезегінде қолдағы бар мал тұқымының сапасын арттырудың бірден-бір кепілі.
-Малды асылдандыру арқылы төлдің сапасын арттыру жұмыстары шаруашылықта бүгін басталған жоқ. Мұнымен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Селекциялық жұмыстар ары қарай да жалғаса береді. Бұл бағытта қолдан келгеннің бәрін жасап, шаруашылық ісіне жаңашылдықтарды енгізе беретін боламыз,- дейді «Мұхиддин» шаруа қожалығының басшысы Керімхан Мейірханұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.