Шаһар басшысы қаладағы бірқатар нысандарды аралады

354

Бүгін Тараз  қаласының  әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі шаһар басшысы Қ.Сәтбаев көшесі, №8 тұрғын үйге аялдады. Аталған үйдің ауласындағы бос жатқан жерді сатып алған жеке кәсіпкер сауда үйін салуға ниеттенген. Алайда бұл құрылысқа тұрғындар наразы.

– Бұл жер учаскесі жеке кәсіпкер иелігінде. Алайда, тұрғындардың наразылығын ескеріп, жеке кәсіпкерге басқа аумақтан жер учаскесін ұсындық. Ол бұл ұсынысымызға келісті. Сондықтан бұл жерде ешқандай сауда нысаны бой  көтермейді. Оның орнына осы маңға балаларға арналған ойын алаңшасын орнатамыз. Бірақ бұл келер жылға жоспарлануда. Жалпы биыл қала бойынша 27 ауланы абаттандыруды көздеп отырмыз, – деді қала әкімі.

Бұдан кейін шаһар басшысы «Бурыл» алқабы, Қасымбеков көшесінің бойындағы балалар ойын алаңының жағдайымен танысты. Қала әкімі өз кезегінде ойын алаңында қауіпсіздік талаптары ескерілмегенін сынға алды.

– Жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен ойын алаңын салуда. Әрине, ол үшін алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Дегенмен, бұл тура жолдың бойында орналасқандықтан балалар үшін өте қауіпті. Сондықтан ең әуелі балалардың қауіпсіздігіне мән беріп, алаңның жан-жағына қоршау жүргізу керек, – деген қала әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы Мәмбет батыр көшесіндегі жол құрылысының барысын көзбен көрді. Шаһар басшысы ең бастысы жолдың сапасы жоғары болуы керектігін жауаптыларға ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.