Көңіл күйді көтеруге көмектесетін 7 әдіс

140

Көктемде табиғат оянып, күннің көзі күлімдеп тұрса да, адамның көңілі құлазитын сәттер болады. Мұндай жағдайдан өзімізді қалай алып шыға аламыз? Дәрігер, нутрициолог, биохимик Екатерина Новикова өмір салтын өзгертіп, көңіл күйді қалыпты ұстауға көмектесетін 7 кеңес ұсынды деп хабарлады turkystan.kz.

Жалпы, адамның көңіл күйінің құбылуына түрлі нәрсе әсер етуі мүмкін: ауа райының күрт өзгеруі, маусымдық аффективті бұзылыс және созылмалы аурулардың өршуі. Тағы бір себеп – дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі. Ендеше, көңіл күйіңізді көтеру үшін маман кеңесін қаперіңізде ұстағаныңыз артық болмас.

Күн тәртібін сақтаңыз. Сағат 22-23-тен кешікпей ұйықтауға тырысыңыз. Ұйқыдан бірнеше сағат бұрын гаджет пайдаланбаңыз. Оның жарығы ұйықтауға кедергі келтіреді.

Телефонсыз және компьютерсіз уақыт өткізуге көңіл бөліңіз. Миымызда ақпарат көбейгенде, оны жеткілікті түрде талдай алмай қаламыз. Сондықтан кез келген ұсақ-түйекке алаңдай бастайтын боласыз.

Құрамында триптофан бар тағамдар тұтыныңыз (балық, бұршақ дақылдары, күнжіт, қарағай жаңғағы). Ол серотонин синтезіне және оның мелатонинге (ұйқы гормоны) айналуына қатысады. Мұндай тағамдар ұйқыны жеңілдетіп қана қоймай, сапасын да жақсартады.

Асықпай тамақтануды үйреніңіз. Мұны дәстүрге айналдырыңыз. Алдымен тағамның иісінен, оның құрылымынан, түс комбинациясынан ләззат алыңыз. Содан кейін әр бөлікті жай шайнаңыз. Таңғалатын шығарсыз, бірақ бұл тек асқазан-ішек жолдарының жұмысын ғана емес, эмоционалды күйіңізді де жақсартады.

Түстен кейін кәдімгі шай емес, түймедақ, жалбыз және басқа да шөптер қосылған шай ішіңіз. Ол адамды тыныштандырады және жеңіл ұйықтататын әсерге ие.

Физикалық белсенділікті арттырыңыз. Бұл міндетті түрде спорт залына бар деген сөз емес. Жүгіріңіз немесе жұмыстан кейін серуендеңіз. Егер билегенді ұнатсаңыз, билеңіз. Бастысы, қозғалыста болыңыз. Белсенді қозғалыс өзіңізді сергек және қуанышты сезінуге көмектеседі.

Аптасына кемінде бір рет табиғат аясында уақыт өткізіңіз. Бұл кезде денеміз табиғи тыныштықты сезеді. Сонымен қатар табиғаттағы дыбыстар: құстардың әні, жапырақтардың шуы және т.б. жүйке жүйесіне оң әсер етеді.

 

https://turkystan.kz/article/222832-konil-kuydi-koteruge-komektesetin-7-edis/

Leave A Reply

Your email address will not be published.