Өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы қызметкерлері және ерікті өрт сөндірушілер құрамы Жамбыл облысындағы шығуы қиын таулы жерлерде өртпен арпалысып жатыр, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Айтып келмейтін апат халықтың алаңдаушылығын тудырумен қатар, мемлекетке де орасан зиян келтірді. Жамбыл облысының Қырғызстан Республикасымен шекаралас аймағының таулы бөктерінде өрт шығып, екі күн бойы жергілікті төтенше жағдай қызметкерлерін әбігерге салуда. Тілсіз жауды ауыздықтауға Жамбыл облысының Өрт сөндіру қызметінің 40 өрт сөндіру машинасы мен 3 техникасы, орман шаруашылығының 35 адамы мен 5 техникасы, ерікті өрт сөндіру құрамасының10 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылған.Алайда адам мен техника күшіне бой бермеген алапат апат таулы аймақты біраз жайлады. Болжам бойынша құрғақ шөптің тұтануынан болған өрт 200 гектар жерді шарпыған.
Тұрар Рысқұлов ауданырның әкімдігі өртпен арпалысып жатқан адамдарға азық-түлік жеткізді.
Сондай-ақ, «Табиғи өртті сөндіру кезінде қайғылы оқиға болды. Ақыртөбе орман шаруашылығының орман қорықшысы биіктіктен құлап, қаза тапты»,-делінген ТЖК хабарламасында.
Алапат өртті сөндіру кезінде қаза болған – Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе орман шаруашылығы мекемесінің орманшы-қорықшысы, Қайыңды ауылының 46 жастағы тұрғыны Асылбек Алтаев. Қызыл жалынмен айқас кезінде тау шыңынан аяғы тайып кетіп ажал құшқан азаматтың артында бес баласы қалды.
Ал Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшысы Жандар Мұздыбаев та бұл оқиғаның жұмыс барысында болғанын айтып, қайғылы оқиғаның шынымен орын алғанын растап отыр.
– Алапат ыстықтың салдарынан тау бөктерінде өрт тұтанып, қызыл жалып жылдам тарап кетті. Сол өртті өшіру барысында Асылбек Алтаев жартастан аяғы тайып құлап, қайтыс болды. Барлығымыз тілсіз жаумен арпалысып жатқанда орын алған оқиға төбемізден жай түскендей әсер етті. Марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, – дейді Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшысы Жандар Мұздыбаев.
Ал асыраушысынан айырылған отбасының жағдайы айтпаса да түсінікті. Биыл Жамбыл өңірінде ешқашан болмаған жаз болды. Күннің қызуы қырық градустан асып кетіп, тіпті тұрғындардың таңданысымен қатар, үрейін де туғызды. Алайда табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру мүмкін емес. Сондықтан да әрбір азамат табиғатқа жанашырлықпен қарап, өрт қауіпсіздігіне жіті мән берсе екен дейсің. Ай мен күннің аманында арыстай азаматынан айырылып қалған Алтаевтар отбасының басындағы қайғылы жағдай енді қайталанбаса екен.