«Ағаларым мен қазақ халқы көмектесті»: Бес жігітпен төбелескен Бекзат ақталды

100

Лондонда бес жігітпен төбелескен Бекзат Аманжолов 10 жылға сотталуы мүмкін екенін айтып, Президенттен көмек сұраған еді.  Содан кейін елшіліктің көмегі шамалы болып жатқанын айтқан  болатын. Бекзат қазір толықтай ақталды. Жақында Алматыға ұшып келген ол Мassaget.kz порталының редакциясына арнайы ат басын бұрып, оқиғаның қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды turkystan.kz.

                                Памирлік жігіттер арызын қайтып алды

Сейсенбі күні елшіліктен хабарласты: «Тергеушіге барып құжаттарыңды алып кетсең болады. Саған ешқандай кінә артып отырған жоқ» деді. Сосын тергеушімен кездесіп, сөйлестім. Нақты біліп алдым. Құжаттарымды берді. «Не істесең де өзің біл. Саған ешқандай шектеу қойып отырған жоқ. Ешқандай депортация немесе бан жоқ» деді. Кінәні алып тастады, толықтай ақтады. Памирлік жігіттер арызын қайтып алыпты. Себебін айтпапты. Олардан: «Басында арыз бердіңдер, енді неге алып жатсыңдар, қандай да бір қысым көріп жатырсыңдар ма?» деген сияқты сұраған. Олар: «Жоқ. Бәрі дұрыс. Жігіттердің арасында не болмайды. Аздап ақымақтық жасадық» деп қана жауап беріпті.

                                Мені ақтап алған – қазақ ағаларым мен халық

Бұл жағдайда маған көмектескен – қазақ ағамыз. Басқа елдің азаматтары, Дағыстанның жігіттері және қазақ халқы. Халық бірінші күннен бастап жағдайыма алаңдады, соңына дейін көмек қолын созды. Қаржылай көмектесті. Сондықтан қазақ халқына алғысым шексіз. Шетте жүрген бір ұлына жанашыр, қорған болды.

                                        Қызыма тосынсый болсын дедім

Сейсенбі жақсы жаңалықты естігеннен кейін ешкімге айтпадым. Әкеме ғана хабарласып, қуанышыммен бөлістім. Қызым анасымен Дубайда демалып жатыр екен. Мен соларды ертерек көру үшін тез арада ұшып кеттім. Қызыма тосынсый болсын дедім. 1-2 күн қасында болып, ары қарай елге қайттым.

Айта кетейік, Бекзат Аманжолов Лондонға 2022 жылдың тамыз айында барған. Құрылыста жұмыс істеген. Пәтерде тұрған Тәжікстанның (Памир) бірнеше азаматымен жанжалдасып қалған. Нәтижесінде, үйіне келген бес памир жігітімен төбелесіп, екеуін пышақпен жаралаған. Полияция оның үстінен іс қозғады. Кінәсі дәлелденсе, 10 жылға сотталуы мүмкін еді. Бірақ Бекзат өзінің кінәсіз екенін, тек қорғанғанын айтты.

https://turkystan.kz/article/222159-agalarym-men-kazak-halky-komektesti-bes-zhigitpen-tobelesken-bekzat-aktaldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.