Данияр Елеусіновтің жеңісі туралы қандай пікірлер айтылып жатыр?

643

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов өткен түні Кардиффте кәсіпқой рингтегі үшінші жеңісіне қол жеткізді. Жеңістің сенімділігіне қарамастан, Елеусіновтің өз-өзіне көңіліне толмаған. Боксшы Instagram парақшасында әр жекпе-жек сайын жоғары нәтиже көрсетіп отыруға сөз берді.

Елеусінов кәсіпқой рингте үшінші рет және қайтып оралғалы бері алғаш рет бокстасты. 27 жастағы қазақстандық 30 жастағы венгриялық Габор Горбичті ұпай бойынша артқа тастап, жеңімпаз атанды.

Еске салайық, Данияр Елеусіновтің кезекті қарсыласының есімі белгілі болғаннан кейін Горбичтың бұрынғы қарсыластары венгриялық боксшының спорттағы деңгейіне қатысты пікір білдірген еді. Осылайша, ресейлік Сергей Лубкович венгриялық спортшыны «мықты қап» деп атаса, өзбек Шахрам Гиясов Горбичты нокаутқа жіберу оңайға соқпайтынын айтты. Байқанамыздай, Гиясовтың сөзі расталды.

Данияр Елеусіновтің екі айдан кейін бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар. Боксшының промоутері Эдди Хирн британдық БАҚ-қа сұхбат беру кезінде Елеусіновтің келесі жекпе-жегі қазан айында АҚШ-та өтетінін жеткізді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

«Данияр қарсыласын нокаутқа түсіре алмағаны үшін қатты өкінеді. Дегенмен, жекпе-жектің екінші бөлімінде Елеусінов жақсы ойын көрсетті деп ойлаймын. Біз оған кәсіпқой боксқа бейімделуге уақыт беруіміз керек», — деді Хирн.

Қазақстандық жанкүйерлер боксшының Instagram парақшасында құттықтаулар жазып, желіні бір дүрліктірді. Кейбір бокссүйер қауым нокауттың болмағанына таңданыс білдіріп жатса, өзге жанкүйерлер «Даниярдың нокаутер емес, супертехникалық боксшы екеніне көну керек» деп жауап беруде.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.