Ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілуде

110

«Zhambyl Investment and Economic Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының ауыл шаруашылығы бағыты бойынша қонақтар бірқатар нысандарды аралап, арнайы семинар-кеңес өткізді.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі  Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Қордай ауданындағы «GreenwiII» ЖШС-нің жылыжай кешенімен, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы және «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмыстарымен танысты.

Қордай ауданындағы «GreenwiII» серіктестігінің жылыжай кешені 2015 жылы Оңтүстік Корея технологиясымен іске қосылған. Жобаның жалпы құны 2 313,7 млн. теңгені құрайды. Жылыжайдың 4,0 гектар гидропоникасынан гектарына 700-800 тоннаға дейін қызанақ пен қияр өндірілсе, 0,5 гектар аквапоникасынан жылына 60 тонна салат жапырақтары өндірілуде. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ал, «Мыхан Орда» шаруа қожалығы 792 гектар егістік алқапқа айналмалы жаңбырлатып суару технологиясын енгізуде.   Агроқұрылымның өз қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 228,4 млн. теңгені құрайды. Технология енгізілген алқаптың 400 гектарына қант қызылшасы отырғызылса, 392 гектарына жоңышқа егілген. Мұнда түрік елінен «Atlantis» фирмасының 19 дана жаңбырлатып суару агрегаты орнатылған. Atlantis фирмасының Қазақстандағы өкілі Ниязалы Бейсенбаев жаңбырлатып суарудың тиімділігін, құрылғыны алу жолдары туралы баяндады.

Сондай-ақ, «Жеміс-жидек» серіктестігі де биылғы жылы 10 гектарға «Альбион» сортты құлпынай дақылын отырғызған. Польшалық «Arno Group» компаниясының инженерлік сүйемелдеуімен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны – 90 млн. теңге. Жылына 200 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отырған серіктестікте 50 адамға дейінгі жұмыс орны құрылған. Жиналған өнімнен кәсіпорын балаларға арналған  қантсыз құлпынай  тосаптарын, жеміс-жидек ботқасын, шырын жасауды көздеп отыр. Серіктестік басшысы Батыржан Қожайбай «Arno group» польшалық компанияның инженерлік сүйемелдеуімен алқапты инфрақұрылыммен жабдықтағанын және алдағы уақытқа межелеген жоспарларымен таныстырды. Ол шаруашылықты 2026 жылға дейін дамытып, 500-ге дейін адамды жұмыспен  қамтуды көздеп отырғанын айтты.

1998 жылдан бері асыл тұқымды жылқыларды өсіру бағытында жұмыс істеп келе жатқан «Ар-Ас» шаруа қожалығы өткен жылы 125 тонна «Тау қымызы» атауымен қымыз өндірген. Жылына 182 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы қожалықта бүгінгі күні 400 бас бие бар. Оның 200 басы сауынды биелер. Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аталған форум аясында «Мыхан Орда» шаруа қожалығының егіс алқабында ауыл шаруашылығы бағыты бойынша семинар-кеңес өтті.

Жиынға көрші Қырғызстанның Талас облысының губернаторы, ауыл шаруашылық министрлігінің, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің ірі компанияларының өкілдері, шаруалар, ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты.

Басқосуда облыс экономикасының негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығы болып табылатындығы, осы тұрғыда өңірде  бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардың жүзеге асып жатқандығы айтылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы жан-жақты атап өтілді.

Шаруалар мен инвесторлар салалық министрлік пен жергілікті билік өкілдеріне сауалдарын жолдап, ұсыныстарын білдірді.

https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/544856?lang=kk

Leave A Reply

Your email address will not be published.