Астанада «Шаттық-2023» балалар байқауының қорытындысы жарияланды

173

Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында «Шаттық-2023» қалалық талантты балалар байқауының гала-концерті өтті деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

«Бұл байқау осымен он алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүр бойынша ол әртүрлі номинацияларда өткізіледі: «Хореография», «Театр», «Вокал», «Аспаптық музыка», «Бейнелеу өнері», «Хор әні» және басқалар. Елорданың дарынды оқушылары екі апта бойы қазылар алқасының алдында өнер көрсетті. «Шаттық-2023» ауқымын қатысушылар саны бойынша бағамдауға болады: биыл байқауға 7000-нан астам оқушы қатысты. Байқауға қатысушылардың жасы – 8-ден 18 жасқа дейін», – делінген хабарламада.

Осы жылдар ішінде «Шаттық» мыңдаған жас дарын мен жүздеген шығармашылық ұжымды біріктірді. Бұл байқаудың арқасында жаңадан қадам басып келе жатқан музыканттар, актерлер, бишілер, әншілер, фотографтар, дизайнерлер және басқалары шығармашылық жолында алғашқы қадамдарын жасайды, ал кейбірі болашақ мамандығына айналдырады.

«Елордада «Шаттық» іс-шарасына қатысқан көптеген балалар осы байқаудың арқасында өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Қазір осы шығармашылық конкурстың нәтижесінде таланттардың кейбірі елімізде танымал болды», – деп атап өтті елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Байқаудың өзі 8 алаңда өткізілді. Соның ішінде елордалық оқушылар сарайы, балалар музыкалық мектептері, өнер мектептері, балалар көркемсурет мектебі және техникалық шығармашылық орталығы бар. Шығармашылық сайыстың қорытындысы бойынша номинацияларына қарай бірінші орынды 63 бала, 95 екінші және 125 үшінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, 600-ден астам шығармашылық ұжым мен қатысушылар дипломдармен марапатталды, ал балалардың жетістіктері үшін 282 үздік тәлімгер арнайы сертификаттарға ие болды.

Астана қаласының № 85 мектеп-лицейінің педагог-хореографы Айгүл Кинахова өз сөзінде «Риза» би ансамблі үшін бұл үлкен және баға жетпес тәжірибе болғанын айтып өтті.

«Біздің ансамбль 8-11 жас аралығындағы «Халық биі» номинациясына қатысты. Көрермендерге «Көктем әуені» қазақ биі ұсынылды. Әрине, байқауға дайындық қарқынды болды, бос уақытта, тіпті демалыс кезінде де қойылымдар жасалды, костюмдер тігілді. Олар қолдарынан келгенше тырысты, нәтижесінде 2-орын иегері болды. Бұл байқау ансамбльді одан әрі дамытуға түрткі болды, өйткені қазылар алқасында біз үшін пікірі мен ұсыныстары ерекше маңызды кәсіби мамандар болды. Биыл біздің мектеп конкурстың екі бірдей номинациясына қатысты. Балалар «Хореография» номинациясында «Street dance» стилін ұсынып, қола жүлдені жеңіп алды», – деді педагог Айгүл Кинахова.

Әдетте, әрбір «Шаттық» байқауының өз ұраны бар. Биыл ол «Біз – әлемнің жолашарымыз!» деп аталды. Бұл байқау Астананың 25 жылдығына арналып отыр.

Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық» байқауы балалардың шығармашылық тұлғасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Ол талантты жас музыканттардың, хореографтардың, суретшілердің, дизайнерлердің, фотографтардың, вокалистердің ғана емес, сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдарының педагогтарының да басын қосады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.