ҚР Экология және табиғи ресурстар вице – министрі Галидулла Азидуллин және Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов Жамбыл облысына арнайы іссапармен барды.
Өңірдегі су шаруашылығы саласының жай-күйімен танысып, алдағы вегетациялық кезеңге дайындығын бағамдау мақсатында Шу ауданы аумағында орналасқан «Тасөткел» су қоймасын аралады. Қазіргі уақытта «Тасөткел» су қоймасының су көлемін 450 миллион текше метрден 620 миллион текше метрге дейін ұлғайту көзделіп, республикалық бюджет есебінен екінші кезекті сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілуде. Бөгеттің сейсмикалық тұрақтылығын жақсарту мақсатында темір бетон құрастыру, апатты су тастау құрылғыларын орнату, өзен ағысының сол бөлігінде қосымша дренаждар орналастыру, 77км2 су қойманың батиметриялық топотүсірілім жасау және тиісті шаралар қабылдау, төменгі бьефтегі баланстық су бекетін қалпына келтіру, су өлшеу және реттеу автоматтандырылған жүйесін орналастыру, балық қорғау құрылғысын кайта жөндеу жұмыстары жүруде.
Сонымен қатар, облыста «Еуропа қайта құру және даму банкі» есебінен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы 53,9 мың гектар суармалы алқапты қалпына келтіру жоспарланған. Меркі, Байзақ, Жамбыл аудандарындағы МПТ, АПТ, ҮБЧК, Медеу, Сатыпалды, Жамбыл, Қуат және 46 дана ұңғыма объектілеріндегі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысқан Галидулла Азидоллаұлы жергілікті атқарушы орган өкілдері
мен су шаруашылығына жауапты мекеме басшыларымен қазіргі уақытта туындап отырған бірқатар мәселелердің шешу жолдарын талқылады.
Шаруаларды сумен қамтып, ауылшаруашылық өнімдерін өсіруде кедергілердің туындамауы алдын ала жасалған тиімді жоспар мен сапалы істің нәтижесі екенін ескерткен Галидулла Азидуллин жауапты сала өкілдері мен «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына бірқатар тапсырмалар беріп, жобаларды мерзімінен кешіктірмей қабылдауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Су ресурстары комитетінің баспасөз қызметі