Оралда 9 млрд теңгеге салынған түрме бос тұр

252

Оралда 9 млрд теңге бөлініп, құрылысы аяқталмай қалған түрме ғимараты бес жылдан бері бос тұр. Бірақ, аумақты күзету үшін бюджеттен 35 миллион теңге жұмсалып үлгерді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тергеу изоляторы 1500 адамға арналған. Бұған бюджеттен 9 млрд теңге бөлінген. Бірақ бес жыл болды, әлі ғимарат қаңырап бос тұр.

Құрылыс 2013 жылы басталды. Бірақ, бес жыл бұрын тапсырыс беруші, яғни қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бұрынғы бастығы мен түрмені салып жатқан құрылыс компаниясының басшысы және жобалаушылар бөлінген қаржыны жымқырды деп айыпталып, барлығы 5 адам сотталды. Құрылыс тоқтады. Әрі ішкі істер министрлігі ғимарат талапқа сай емес деп нысанды қабылдамады, деп жазады qazaqstan.tv.

Ақыры түрме облыстық әкімдіктің иелігіне берілді. Қоғам белсенділері маңызды әлеуметтік нысан саларда қоғам талқысына неге салынбайды деп таң.

— Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлына да, ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа да осы сұрақтарды қойдым, яғни, біріншіден түрме керек пе, керек емес пе? Керек емес болса, әрине, басқа дұрыс нәрселерді, мысалы, бизнеске беріп, халыққа қажет нәрсені ұйымдастырсын. Біздің ұсынысымыз неге коммуналдық базар ұйымдастырмасқа. Екіншіден, ұлттық гвардия бар, қаланың қақ ортасында, соларды түгел көшірсе, — деді Бауыржан Ахметжан, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал өкілі.

Ауданы 35 мың шаршы метр тергеу изоляторында әкімшілік ғимарат, тергеу бөлімдері, режимдік корпус, спортзал, асхана, тир, қоймалар бар. Аумақты күзету үшін үш жылда бюджеттен бақандай 35 миллион теңге жұмсалған. Болмай қалған түрме пандемия кезінде науқастарға орын жетіспей жатқанда, аурухана, кейін медициналық хаб болады деп жоспарланды. Бірақ инвестор бастапқы келісімінен бас тартты.

— Зачаган кентінде халық саны жыл сайын 800-900 адамға көбейіп келеді. Алдағы уақытта «Ақжайық» шағынауданын салу жоспарлануда. Сол себептен құрылысы аяқталмаған ғимаратты БҚО полиция департаментінің бөлімшесіне беру жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттен жобалық-сметалық құжаттаманы жасақтауға қаражат бөлінді, — деді Сырым Ерболатов, Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы.

Облыс орталығында құрылысы басталып, кейін тоқтап қалған немесе қараусыз қалған осындай 28 нысан бар. Соның жиырмасын ішінара бұзып, қайта салып жатыр. Қалған 8-ін қалпына келтіру үшін инвестор керек.

azh.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.