Сарысуда түйе шаруашылығы түлеп келеді

1 100

Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын. Осыған орай, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да әзірленді. Бүгінде бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, асыраушы саланы алшаң бастыру мақсатында мал шаруашылығына жіті көңіл бөлініп, ет кластерін ұлғайту мықтап қолға алынуда. Бұл ретте, мемлекеттік бағдарламаның жемісті болуына Сарысу ауданы да өлшеусіз үлес қосып жатыр.

Сарысу ауданы егін егіп, диқаншылықпен айналысуға аса тиімді болмасада, Табиғат-Ана мұндағы жазық даланы жұртқа түйе малын ұстауға қолайлы етіп қойған. Қазақ қашанда құтты жануарға балап келген түйенің мінсең көлік, жесең ет, ішсең сусын екені әмбеге аян. Сол себепті де, мұнда Ойсыл қара тұқымын ұстап, кәсібін жүргізіп отырған қожалықтар аз емес.
Сондай шаруаның бірі – Саудакент ауылының тұрғыны, «Убайділда» ШҚ-ның жетекшісі Ғазиз Сәдуақасов. Әрине, табиғат қанша қарайласса да түйе бағудың да әркімнің икеміне келе бермейтін өз машақаты, қыр-сыры бар. Оған қоса, бүгінгі нарық талабы бойынша, малды бағу бір бөлек, оны бизнеске айналдыру жағы және бар. Сол үшін Ғ.Сәдуақасов алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына барып, бизнесті дамытудың жолдарын біліп алуға бекінген. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, не болса да «нартәуекел» деп, түйе шаруашылығымен түбегейлі айналысуға шешім қабылдаған ол, палата қызметкерлерінен республикалық «Бастау» жобасы туралы сұрап, біліп алады. Содан бұл жобаға деген қызығушылығы артып, мұндағы білікті мамандардан дәріс алып, кәсіпкерлік негіздерін көкейіне тоқиды. Ол бизнесті жүргізудің, мемлекеттік қолдауларға қол жеткізудің және кәсіп ауқымын кеңейтудің тиімді жолдарына қаныққаннан кейін, іске бел шеше кіріседі.
Жалпы, түйе малына деген сұраныс еліміз бойынша аса үлкен емес, бірақ, бұрнағы жылдарға қарағанда өсіп келеді. Қуантарлығы, жұрт арасында оның шұбаты мен жүніне деген қызығушылық әлі жоғала қойған жоқ. Оған қоса, басқа түліктерге қарағанда түйе шаруашылығының шығыны аздау. Ал, отыз жасқа дейін өмір сүретін өркешті жануар жарты тоннаға дейін салмақ жинайды. Міне, бизнестің тілін тауып келе жатқан атакәсіпке икемі барлар соңғы жылдары түйенің осы артықшылықтарын ескеріп, қорасын Ойсыл қараның тұқымымен толтыра бастады. Оның үстіне ел бойынша түйе шаруашылығындағы бәсекелестіктің төмендігі тағы бар. Бұл өз кезегінде түйешілердің отандық нарықта еркін әрекет етуіне үлкен мүмкіндік тудыруда.
– Түйе бағып біраз табысқа кенелуге болады. Ең алдымен оның шұбаты мен жүнін өткеретін тұтынушы болуы керек. Әрине, соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіпте түйе жүнінен өнім өндіру үдерісі біртіндеп дамып келеді. Ал, шұбатқа деген сұраныстан мәселе туындайды деп ойламаймын. Себебі, құрамы құнарлы келетін сусын, ас ретінде ғана емес, емдік мақсатта да кеңінен кәдеге асуда. Бабаларымыз шұбатты талай дертке дауа етіп қолданғаны тарихтан белгілі. Бүгінгі медицина да шұбат ішіп тұрудың терапиялық әдіс-тәсілдерін жетілдіруде. Сондықтан, түйе шаруашылығының болашағы жарқын деп ойлаймын, – дейді қожалық жетекшісі Ғ.Сәдуақасов
Қалай дегенде де, еті қатты болғаны­мен шұбаты тәтті, Ойсыл қара тұқымына деген қызығушылық шаруаларда қайта оянғандай. Оған дәлел, дәл қазір Сарысу ауданында түйе малының басы 2 183-ке жетіп отыр. Бұл өткен жылдарға қарағанда мал санының анағұрлым өскенін аңғартуда. Түйе өсіруге деген ниет болса, өнімге деген сұраныстың да артатын күні алыс емес. Дала кемесіне теңелген жануар қай заманда да қазақтың қажетіне жарап келді. Енді міне, бизнестің де көзіне айналып отыр. Облыстағы бәсекенің аздығы Ғ.Сәдуақасовқа табысқа кенелудің тың жолы болғалы тұр. Лайым, солай болғай. «Бастау» жобасы бойынша бизнес әлеміндегі білімін жетілдірген ол қазір қолындағы сертификаты арқылы мемлекеттік қолдаудың шапағатын көру үшін құжаттарын реттеуге кірісіп кетті.
Кім білсін, бір он-он бес жылдан кейін Сарысу ауданында өркеші көк тіреген түйелер «көшін» де көріп қалармыз.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.