«Асау көк», «Омпы»: ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар

275

Қазақтың ұлттық ойындары батыл, епті, тапқыр және табанды болуға баулиды. Ертеден келе жатқан 150-ге жуық ұлттық ойынымыздың көбі ұмыт бола бастады. Сол ойындардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

Ботай

Ойын жылқының және қара малдың топай сүйектерімен ойналады. Қатысушының екі асығы, бір сақасы болады. Ойыншылар алаңға өздерінің асықтарын тізіп. Ереже бойынша белгіленген төрт бұрышты нысана ішіндегі асықтарды төрт метр қашықтықтан сақамен атып, сызықтан үш табан мөлшерінде асыруы керек. Асық атуда шеңбер сызылса, Ботайда тік төртбұрыш сызу шарт. Мұндағы әр сызық бір табанды көрсетеді. Бұл жарыс жастарды ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа баулиды. Бұл ойын түрінің «Ботай» аталуы тегін емес. Өйткені Ботай мәдениетін зерттеу барысында қазбалардан жылқының топай сүйектері табылған.

Ағаш аяқ

Әміре Қашаубаев орындауымен ел ішінде кең тараған «Ағаш аяқ» әні осы ойын атауымен байланысты. Ойыншылар екі аяққа ағаш аяқ киіп, ептілік танытуы керек. Ағаш аяққа мініп үйренбеген адам дұрыс жүре алмай жұртты қыран-топан күлкіге батыратыны бар. Ал жақсы үйренген адам тез жүріп өтеді. Әрі ол сырық үстінде тұрып түрлі сайқымазақ сөздер айтып, қимыл жасайды. Ән айтады, екеуара айтыса да алады.

Асау көк

Шарт бойынша үй иелері ауыл­дың алты ауызын айтады да, онан соң қонақ кәдесі деп мейманның өнер көр­сетуін сұрайды. Өнер көрсете алма­ған қонақты айып ретінде «Асау көкке» мінгізіп, әжуа қылады. Бұл үшін үйдегі екі діңгекке 1 метрдей биіктетіп арқан керіледі. Соған аттап мінген қонақ ештеңеге сүйенбей, әрі-бері сүрінбей жүруі керек. Ойынның мақсаты – кешкі астан кейін мейманға ән салғызу, әңгіме-ер­те­гі, жұмбақ немесе жаңылтпаш айтқызу.

Түйілген шыт

Қатысушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға ортасынан бір-екі рет түйілген орамал, немесе кесінді шыт мата пайдаланылады. Ойынды түнде де ойнауға болады. Ол үшін ақ орамал болғаны жөн.

Жүргізуші ойыншыларды жинап: «Бір, екі, үш!» – деп дауыстайды. Осы кезде ойыншылар жан-жаққа қаша жөнеледі. Ал жүргізушінің өзі қолында түйілген орамалы бар ойыншыны қуып жетуі керек. Мақсаты орамалды алып қою. Бірақ қашып бара жатқан ойыншы жүргізуші жете бергенде орамалды басқа ойыншыға қарай лақтырып жібереді. Ол болса басқа ойыншыға лақтырады… Сөйтіп, жүргізуші түйілген орамалды қолына түсіргенше ойын жалғаса береді. Егер жүргізуші орамалды ұстап алса, ұстатып қойған адам ортаға шығып, өз өнерін көрсетеді.

Омпы

Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды «омпы» дейді. 10 балаға дейін қатысуға болады. Ойын командалық есепте өткізіледі. Диаметрі 10 м шеңбер сызылады. Оған әр ойынша өзінің асығын тігеді. Асықтардың қақ ортасына бір асықты омпасынан тігеді. Әр ойыншының кеудесінде нөмірі болады.

Ойынның атыс кезегін анықтау үшін төреші жеребе тастайды. Команда ойыншылары шеңбер сызығынан 2 м қашықтықта қатарға тұрады.

Шеңбер ішінде, асықтың жанында тұрған аға төреші ойын басталғанын хабарлайды. Хатшы-төреші ойыншыларды бірінші нөмірінен бастап асық атуға сөреге шақырады.

Ойын барысында ұстанатын ереже:

  1. Алаңда аға төреші, төреші және хатшы жүргізеді.
  2. Сақа тексеріледі, оны егеуге және қорғасын құюға болмайды. Арқардың, еліктің шикі асығын пайдалануға болады.
  3. Әр ойын сайын команда ойыншылары көнге өз асықтарын тігеді. Омпыға тигізсе 5 ұпай, асыққа тигізсе 1 ұпай алады. Асыққа тигізген ойыншы атуды тимей қалғанға дейін жалғастырады. Егер ойыншының сақасы асыққа тимей, алшысынан түссе, онда ату кезегін қайталайды.
  4. Жарыс команда санына байланысты топтарға бөлініп, айналым жүйесімен өткізіледі. Атып алынған асық және омпы қайтадан тігілмейді. Жарыстың жеңімпазын анықтау үшін мәрелік ойында бірінші орын алған командалар өзара айналым жүйесімен қайта ойнайды. Екінші орын алғандар өзара, үшінші өзара, төртінші… т.т. ойнайды.
  5. Мәрелік ойынға дейін командалар бірдей ұпай жинаған жағдайда, сол командалардың арасындағы ойын нәтижесі алынады. Бірдей болмаған жағдайда, артықшылық омпыны алған командаға беріледі. Егер команданың ешқайсысы омпыны атып алмаса, екі команданың арасында ойын қайта өткізіледі. Топтағы жиналған ұпай саны мәрелік ойындарда есепке алынбайды.

Дереккөз: Базарбек Төтенай «Қазақ ұлттық ойындары» кітабы; «Сен білесің бе?» энциклопедиясы.

https://turkystan.kz/article/218451-asau-kok-ompy-umyt-bola-bastagan-ulttyk-oyyndar/

Leave A Reply

Your email address will not be published.