Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында вегетациялық кезеңге дайындық, ағын су жүйелерін жөндеу мәселелері сараланды.
Басқосуда «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегенов, Жамбыл су қоймаларының басшысы Нарбай Ергебеков, Шу-Талас бассейіндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысындағы республикалық меншіктегі су қоймаларға жиналған судың орташа көлемі 80 пайызды құрайды. Барлық су қоймалары транзит режимінен су жинау режиміне қойылуда.
«Қазсушар» Жамбыл филиалымен ағымдағы жылдың вегетация кезенінде 107,5 мың гектарды суғару жоспарлануда. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 92,8 мың гектарды құраған.
Облыс әкімі вегетациялық кезеңге барынша дайын болу керектігін ескертіп, суармалы жерлерге тиісті дақылдарды отырғызуда шаруалармен бірлесіп жұмыс істеу керектігін еске салды.
Сондай-ақ, каналдардың құжаттама жұмыстарын жылдамдату, жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстау керектігін баса айтты.
Басқосуда «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы да қаралды.