Қаңтарда атылған тапанша

120

Бұл уақиға қаңтар айының екінші бө­лігінде орын алған еді. Осыдан тура жүз жыл бұрын…

1923 жылы 29 қаңтарда Қазан қалалық ми­ли­циясынан Жуковский көшесі, 4-үйде орналасқан Та­тарстан Республикасы Халық ағарту ко­мис­са­риа­тына Қазақстан Халық ағарту комиссариаты Қыр­ғыз (Қазақ) мемлекеттік баспасының Қазан қаласында кітап бастыру ісімен айналысатын ай­рықша өкілі, ақын Бернияз Бекенұлы Күлеевтің (24 жаста) және Қазан қаласында тұратын аза­мат­ша, Қазан университеті медицина факуль­те­тінің студенті Зейнаб Әхмәрованың өлі денелері та­былғаны жөнінде суыт хабар түсті. Мүрделер аза­мат Б.Күлеев қызметтік мақсатта жалдап тұрып жат­қан пәтерден табылған.
Дереу шұғыл топ жасақталып, тергеу-тексеру амал­дарына және сот-экспертизалық сараптама жа­сау ісіне кірісті. Жинақталған материалдар соңыра ТАССР Орталық мемлекеттік архивіне өт­кізіліп, Р3870-қор, 3-тізім, 118-іс деген архивтік нө­мірлеумен қорға алынды.

Бүгінге дейін бұл қылмыстық іс ма­те­риалдарымен Қазақстаннан барған екі ғалым танысқан – 1950-1960-жылдар ша­­­­масында Бейсенбай Кенжебаев және 1990-жылдар өресінде Арап Еспенбетов. Соң­ғы аталған әдебиеттанушы ғалым мер­зім­ді баспасөз бетінде жариялаған ма­қа­ла­сын­да іс материалдарындағы қоры­тын­ды­ны қысқаша үш тезиспен берген: 1. Б.Күлеев пен З.Ахмерова өз-өздерін атып өлтірген; 2. Заң қызметкерлері Б.Күлеев пен З.Ах­ме­ро­ваны қастандықпен өлтірген деп іс қоз­ға­ған; 3. Мәселенің ақиқатына жету мақса­тын­да сот-медициналық экспертиза жүр­гі­зілген.

Біздіңше, бұл жерде тергеу органдары­ның тексеруге кіріскен кезде екі түр­лі нұсқаны (версияны) бірдей басшы­лық­қа алғаны айтылып отырса керек. Соңы­ра тергеу-тексеру амалдары аяқталған кез­де тергеушілер солардың алғашқысы орын алған деген тоқтамға келеді. Сол се­беп­ті де, іс «Дело, возбужденное по самоу­бийс­тву Б.Кулеева и З.Ахмеровой» деген атау алған. Оған бірнеше заттық айғақтар, со­ның ішінде Б.Күлеевтің өз қолымен қы­зыл сиямен орыс тілінде, Зейнеп екеуінің аты­нан жазып қалдырған запискасы (қыс­қа хаты) негіз болады. Қысқаша мазмұны: өз­­дерінің өліміне ешкімді де кінәлі деп са­намауды және болған жағдайды Бер­нияз­дың Орынбордағы немере ағасы Сағындық Дощановқа және Ташкентте оқып жүрген немере қарындасы Аққағаз Дощановаға ха­барлауды сұраған. Кейін газет мате­риал­дарында Бернияз барлығы төрт хат жазып қал­дырған деген дерек ұшырасты, алайда қыл­мыстық іс материалдарына тіркелгені жо­ғарыдағы ақтық (қоштасу) хаты ғана бол­са керек.

Архивтегі іспен танысқан қазақстандық зерттеушілер өз жарияланымдарында әл­де­неге қайғылы уақиғаның қалай болғанын (қа­лай атылып қалғандарын) бажайлап жаз­байды. Бізге жеткен инсайдерлік дерек­көздердің бірінің айтуынша, Бернияз әуелі Зейнепті, сосын өзін атқан. Ал екінші мәлі­мет­те екеуі арқаларын тіреп тұрып, Бер­нияз­­дың наганнан атқан оғы оның денесін те­сіп өтіп барып, Зейнепті де мерт еткені ай­тылады. Бұл оқыс уақиғаның себебі: екеуі­нің қосыла алмауы, яғни сүйіспен­ші­лік­ке байланысты ғашықтық драма (тра­гедия).

Бернияз бен Зейнеп қаладағы жастар жиі баратын «Шығыс клубы» дейтін мә­дени орталықтағы кештерде (раут) та­ныс­қан. Қазіргі Маржани көшесіндегі №8-үйде, Тоқай алаңында орналасқан «Шәрык клубы» ХХ ғ. басында татар зиялы қауымы бас қосатын айтулы қоғамдастық-тын (бү­гін­де бұл тарихи ғимаратта (Апанаев үйі) Г.Ка­мал атындағы «Шәрык клубы» театры ор­наласқан). 1911 жылдан ондағы стацио­нар сахнада татардың тұңғыш кәсіби театр труппасы «Сайар» («Кезбе») ойын қоятын. Өзінің ішекті аспаптар оркестрі болған.

Зейнеп Ахмерова жөнінде дерек аз. Бер­­нияз бір өлеңінде келістіре су­рет­­тегендей, «айнадай ақ жүзінің ажа­ры­нан, ұялып жұлдыз біткен бетін басқан», «бойы тал, белі сындар, Алланың артық ту­ған ардақтысы» көркем жан болса керек-ті, әйтеуір. Осы сырт сұлулығына ішкі дү­ние­сі, мінез-құлқы да сай: «ақыл-парасат, те­рең ой, жетік ми, шешен тіл, кең көңіл». Қыс­қасы, «менің жарым болса екен» дегі­зер­лік бір сылқым кейіп (содан ғой, қазақ­тың оқыған жігіттері татардың жүзі жай­нап, көзі күлген бибігүлбанаттарына шы­дас бермей, «сынып» түсетіндері). Қызы құр­­­мағыр да Берниязға мойынсал. Жүре-бара екеуі шын сүйіседі. Бернияз да бұрын, ел­де жүргенінде көңіл қосқан, жүйемелете өлең арнап жіберген Мағрифа, Гүлән­дам­дарды енді Зейнебінің қара тырнағына ал­ғысы жоқ. Ақыры екеуі бас қусырмақ бо­ла­ды. Алайда қыз жағы бұған ризашы­лық­тарын бермейді.

Осы материалды әзірлеу барысында Ахмеров нәмін біраз гуглдеттік. Осы атпен белгілі біраз әулет бар екен та­тар тарихында. Солардың ішінде бұрыны­рақ аталатыны – Қазан қаласында тұрған ағайынды Ахмер мен Рахманқұлдан тарай­тын көпес әулеті (Арсаевтар деп аталады). Ах­мерден екі ұл: Құрбанғали мен Юсуп, 1-ги­льдия көпесі дәрежесіне қол жеткізген, мал терісін сатып, сабын қайнататын бір­не­ше зауыт салып байыған. Проф. Фукстің жазуынша, Қазанның шылқыған бай сәу­да­герлері. Тырысқаққа қарсы аурухана ашып, мешіт-медресе ұстап, қайыр-их­сан­ды іспен де айналысқан. Юсуптен туған Ғұ­байдолла, Хайролла, Құрбанғалидан өр­біген Ахметзян мен Мұхаммед, Ғұ­бай­дол­ланың ұлы Хұсайын ата кәсіпті жал­ғас­тырған. 1910-жылдары Омбы жағында жеміс-жидек және уақ бұйым сатумен ай­налысқан Ибрагим Ахмеровтың да осы әулет­ке қатысы болуы әбден мүмкін. ХІХ ғ. ба­сында Қазан гүбірнесінен Челябі, Троицк жақ­қа өтекәсіп жасап ауғандардың қата­рын­да да Ахмеровтер дейтін көпестер бол­ған. Титул советник Ибрагимнің қызы Ға­бида Ахмерова атақты Алкиндердің тұ­қы­мы Шаги-Ахметке тұрмыстанады. Ибра­гим Ахмеров әулеті Қазанда қазіргі Тоқай көшесінде, ағаштан қиып салған №76-қос қа­батты үйде тұрған: Ибрагим, Измаил, Би­би-Хадиша, Хұсни-Жамал және Шаб­хаз­ги­рей (Измаилдың баласы). Шабхазгирей – белгілі ағартушы, Қазан татар мұғалімдер мектебінің инспекторы (директоры) қыз­метін атқарған, қалалық думаға гласный бо­лып сайланған белді қайраткер. Зайыбы Хадиша – ескі дворян әулеті Алкиндердің нә­­сіл-нәсібі. Екеуі он бала сүйген, аман өс­ке­ні жетеу: Мағи – дәрігер-гинеколог, Ильяс – офи­цер, Сара – заңгер, белгілі қоғам қай­рат­кері, Дауд пен Юсуф Азамат соғысы ке­зін­де қаза тапқан, София деген және бір қыз, сосын Захида – жоғарыда айтылған «Сайар» театрының әртісі (Шабхазгирей Ах­меров осы труппа өнер көрсеткен «Шә­рык клубы» ағалық кеңесінің мүшесі бол­ған). Шабхазгирей 1900 жылы 47 жасында қай­тыс болған, ал Захида кенжесі болуы ке­рек, себебі ол 1897 жылы дүние есігін ашып­ты. Бір ойымыз айтады: Бернияз сүй­ген Зейнаб-Зейнеп не Ильястың, не Дауд пен Юсуфтың біреуінің қызы болуы мүм­кін деп.

Ал енді бар ма, осы Шабхазгирей Ахмер әу­­­летінің қазақ тарихымен қиюласатын бір жері бар: жоғарыдағы София қызы – кейін Ресейдегі алғашқы араб қаріпті жазу мә­шіңкесі зауытын ұйымдастыратын Ас­қар Шейх-Әлидің зайыбы. Асқардың әкесі – Шәміл имаммен бірге қолға түскен құ­мық князі Әли Шейх-Әли, ал анасы – Гүл­сім Сәлімгерейқызы Тевкелева Ресейдің тұң­ғыш мүфтиі Тевкелевтің шөбере қызы, кә­дімгі Жәңгірдің – Бөкей Ордасының соң­ғы ханының немересі. Шейх-Әли әулетінің бір қызын Мұхаметжан Тынышбаев алған.
Ілгеріде Орал тауларына асқан тағы бір Ах­меровтер кездеседі тарихта. Ол – Қазан губерниясының Царевококсай ауданының ту­масы, Троицкіге келіп, атақты Яушев­тер­дің қолында тәрбиеленген Ғабдолла Ах­ме­ров. Ғабдолланың әкесі Хаким Қазан қала­сын­да шағын елтірі дүкенін ұстап, қоң­тор­ғай тіршілік еткеніне қарағанда бұл әулет ілгерідегі тұқымына кететін көпес атағын иеленген Ахмеровтерден басқа болуы. Айта кететін жәйт, Ғабдолладан туған Исхак Ах­меров 1920 жылы, жиырма жасында Қа­­­занда Наркомпростың көркемдік сек­торына жетекшілік етіп, жыл аралатып сол халық комиссариатының жабдықтау бө­лімін басқарған. Яғни, бұл Ахмеров пен Бер­нияз бір-бірімен таныс болған деу жөн. Бі­рақ Бернияз қаза болатын жылы Исхак Қа­заннан алыста, Мәскеуде оқып жүрген – кейін полковник Исхак Ахмеров КСРО-ның АҚШ-тағы жасырын резидентурасын он жыл жемісті басқарып, 1941 жылы Жапо­ния мен Американы қырқыстырып, соғыс­тың бетін басқа бағытқа аударуының нә­тижесінде Екінші дүниежүзілік соғыстың тағ­дырын өзгерткен саңлақ барлаушы ре­тінде тарихқа енді. Міне, солай.

Десе де, біз Зейнеп-Зейнабтың тегін Шабхазгирей Ахмеров тармағынан іздеуге құлықтымыз. Қазақпен Жәңгір хан арқылы ілік-шатыстығы бола тұра, Бер­нияздың татар жұртына жиен екендігінен (Бер­нияздың анасы Хұсни-Жиһан орын­бор­лық татарлар ұрқынан еді) хабардар бола тұра сақалынан сары алтын саудыра­ған жуан тұқым жалаңаяқ қияли жазарман деп, «сасы қазақ» деп (татар бұрындары ба­­­лаларын «қазақ бабайдың арбасына са­лып жіберем» деп қорқытқан ғой) мен­сін­беген. Шендеріне жуытқысы келмеген. Сөй­тіп, шын сүйіскен екі жастың ілгері ті­ле­гіне тосқауыл салған. Бұл жағдай, әсіре­се Берниязды қатты торығуға душар еткен сияқ­ты. Ақынның бұрынғы өлеңдеріне ба­жайлаңқырап үңілсек, оларда жас адамға тән өмірге құштарлық сезімі мен қамкөңіл, күй­рек, тіпті суицидтік көңіл-күй деуге бо­латын біртүрлі бір шыңылтырлық алма-ке­зек ауысып келетінін байқаймыз. Өң мен түс­тің арпасындай өліара бұл бейма­за­лық­ты «Айныған аруға», «Шер шыдатпай саған ар­­нап», «Ұшпақтағы жарыма», «От жа­лын­дай өртеп ішті» сықылды жырларынан кө­реміз. Осы қатардағы алғашқы өлеңде «Уәдеден тану өз еркіңде, тек мейірімді Ием көңіліңе қайырым салсын» деп, бітім-ты­нымға келгендей қалып танытса, келесіде, «Қай­­тер едіңде?» екі жүрек кәмілдікпен қо­­­­сылғанымен, жалған өмірде арман-ті­лектің тоғыса бермейтіні туралы ой түйеді. Ен­ді бір тұста сезімді шырқау шегіне жет­кіз­гендей болады: «Жалғыздықтан жай таба алмай, / Жарылғандай ер жүрек. / Жаным күйіп шыдай алмай, / Жас келеді мөлдіреп…» Не деуге болады?! Ақынның өзі айтқандай, «Ал­ты Алашта әйел шын жетім» екені қан­дай рас болса, мына сұм жалғанда ақынның да дәл сондай шын жетім екені ащы рас. Зей­неппен арадағы ғашықтық драмасы осыны трагедияға ұластырса да өзі білсін.
«Ақынның қаламынан туған ең соңғы өлеңі өзі атылардан бірнеше күн бұрын жа­зылған, яғни 1923 жылы 21 қаңтарда, кеш­кі сағат 5-те өзі датасын қойып кеткен «Ал, жүрегім, өлейін» өлеңі деп есептейміз», – деп жазады Бернияздың ақындық мұрасын дис­сертациялық деңгейде зерттеген әде­биеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек. Ең соң­ғы және өз өміріне де, сүйгенінің өміріне де нүкте қойған өлеңі ол деу жөн. Жылдар бой­ғы суицидалдық көңіл-күйдің шегіне жетіп, шарт етіп үзілер жері. Ол көңіл күй­дің басты түрткі себебі неде, ақын бұл дү­­­ниенің хикметінен неге күдер үзді, жүрегі осын­шалық неден тотық алды – бізде мұны ішіне түсіп зерттеген ешкім жоқ. «Өмірден махаббатты жоғары қойып, өздеріне қол сал­ған» деу… мәселенің бетін шөмішпен қал­қып алу. Бернияз өлгесін арада жиыр­машақты күн өткенде газетке жариялаған аза­нама жазбасында Мағжан Жұмабаев қа­на әлгі түрткі себепті тереңірек қаузауға тал­пыныс жасады. «Бернияздың өз өмірін өз қолынан бітіруіне қандай себеп болғаны бізге беймәлім, – депті таланттас інісін көзі ті­рі­сінде жоғары бағалаған Мағжан. – Алай­да, жастықтан, әсіресе тәртіпті дұрыс тәр­бие алмаудан туған бір себеп болуында шү­бә жоқ, олай болса, жас жанның мұндай жол­ға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Тү­зу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бе­ре білмеген әлеумет, аласұрған жас жан­ның қолына мылтық беруші сол, осыны ұғу керек. Үмітті жасымыз неге ерте кетті деп емес, неге ерте кетірді деп ренжу керек. Кү­нә сенде емес, [күнә] көптікі…»

Заманына, қоғамға наразы автордың бұл арада нені меңзеп отырғанын жол арасы оқып түсінеміз – Мағжан «көп» деп талантты өлтіретін тобырды емес, адам өмі­рін жаңқа құрлы көрмейтін өз тұсын­да­ғы жаңа жүйені ишаралағандай болады. Ия, адам баласының бірін жоғары, бірін төмен жаратқан Жаратушының қалыбын өз­герту ешкімнің, ешнәрсенің қолынан кел­мейді. Десе де, «көп» сөзі бұл жерде кеңес­тік жүйеге толықтай жүрмесе керек, «тоқсанның тобы» мағынасында. Оның се­бебі, айтты-айтпады, советтік жүйе адам б­аласын тең етпек, теңестірмек болып әлеу­меттік теңсіздікті тізеге салып қи­рат­қан кезде, оған қоса әлеуметтік әртектілікті де жойды. Ендігі жерде ақсүйек те, асыл сүйек те, қарасүйек те тарихтың еншісіне өтті.

Бай жоқ, кедей жоқ, біркелкі қоғам орнады. Әлеумет біртектеніп, ортақ ны­рыққа келтірілді. Бұл – ХХ ғасырдың үлкен жетістіктерінің бірі және бүгінде әлем бойынша демократиялық құнды­лық­тар салтанат құра бастаса, мұнда осы жағы­нан кешегі кеңестік жүйенің де айтар­лық­тай үлесі бар деу жөн. Демек, Берниязды өмір­ден ерте кетірген советтік «тоқсанның то­бы» деп кесіп-пішу үшін көп дәлелдеме ке­рек. Мәселе басқада сияқты. Осы орайда алдымен ойға оралар сұрақ: Бернияз бен Зей­неп Ромео мен Джульетта, яки Қозы мен Баян сықылды кезекпенен өлінбей, нелік­тен екеуі бір уақытта кеткен? Басқаша айт­қанда, қазақ тарихында бірінші рет суи­цид теориясында «екі адамның өздеріне бір мезгілде қол салуы» делінетін практи­ка­ның қолданылуы қалай? Жалпы, бұл ретте, әлемде осындай телу (аналогтар) бар ма?
Ол үшін тарих қойнауына көз салу ла­зым.
* * *
Жапон мәдениетінде «синдзю» дей­тін ұғым бар. Сөзбе-cөз аударған­да «жүректердің бірлігі» деген мағына бе­ре­ді. Махаббаттарын үй-іші, яки әлеумет қа­был­дамаған жағдайда сүйіскен екі жас­тың өздеріне бірлесе қол салуы. Сөзді ал­ғаш дәл осы мәнде ХVII ғасырда жасаған «жа­пон Шекспирі» Тикамацу Мондзаэмон өз пьесаларында қолданған (мысалы, сүйегі өмірден алынған «Ғашықтардың Сонэд­за­пиде өздеріне қол жұмсауы» драмасы). Әлгі шығармалар жапон қоғамында «қосар суи­цид» уақиғаларын күрт көбейтіп жібер­ге­ні сонша, ұзамай синдзю жапон мә­де­ние­ті­нің құрамдас бөлігіне айналады.

Синдзюдің пәлсапасы қысқаша бы­лай: екі ғашық өздеріне бір уақытта қол салған уақытта екеуі сүйіспеншілік ба­қытына ана дүниеде жетеміз, бақида қай­та өмірге келіп, ризықтанамыз деп үміт ете­ді, яғни махаббаттарын өзге дүниеге кө­шіріп, сонда мәңгілік неке қиғызамыз де­гендік. Осы жолда берілер ант, қабыл­да­нар уағда екі жастың бір-біріне деген сезім­дерінің кіршіксіз екенін қуаттау, аққу-адал­дық­тарының дәлелдемесі секілді қа­был­данған. Бұл жерде біз құбылыстың едәуір романтикалық сипат алғанын аңғарамыз. Осы орайда бұдан елу жыл бұрын жапон жазу­шысы Мисима Юкионың баспагеріне соңғы жазылған туындысын тапсырып барып өзіне харакири жасағаны назар ау­дар­тады (алдын ала жасалған келісім бойын­ша жанындағы серігі қылышпен басын алған). Яғни, романы да, автордың өмірі де бір уақытта аяқталған. Бернияздың соң­ғы өлеңін жазып барып, «Ал, жүрегім, өлейін» деп өзіне және қызына қол салғаны сияқ­ты құдды. Юкионың неге бүйткені жұм­бақ болып қалды, бірақ бір нәрсе анық – ол жас кезінде өздеріне синдзю жасаған ға­шықтардың өлімін көзімен көрген және со­дан бастап жазғандарында суицидтік көңіл-күй пайда болып, одан әрі күшейе кеп, өзіндік бір романтикалық өң алған екен.

Ал біздің Бернияз нені көріп, немесе оқып рең алған? Ол қиыр шеттегі Синдзюді біл­ді деп айтуға дәлеліміз жоқ. Дей тұрған­мен, синдзюге бағыт сілтейтін бір нәрсе болды қазақ руханиятында. Ол – Абайда кез­десетін «Тәңірі қосқан жар едің сен…» дейтін жалғыз жол. Пушкиннің «Евгений Онегиніндегі» Татьянаның хатын Абай осы сөзбен бастайды және ол сөз түпнұсқада жоқ, Абай жанынан қосқан. Яғни, қазақ ді­ліне жақын, ислам әрканына тартатын ұғым. Сүйгеніңе бұл дүниеде қосылмасаң да, бақида бас қосасыңдар. Себебі, сендерді озалда Тәңірінің өзі қосқан. Таза Абай дәс­түрінде болмағанымен, оған жасырақ уа­ғында көп еліктеген және кейін де ұлы ақы­н­­нан көп нәрсе алған Бернияз жо­ға­рыдағы «Тәңірі қосқанға» арнайы назар тік­тегені байқалады.

Бернияз – қазақ поэзиясында Шәң­ге­рей негізін салған, Мағжан жалғас­тыр­ған романтизм бағытының көрнекті өкілі. Математикадан ҒА-ның толық мү­шесі болған бір ғалымымыз бұл күнде шыл­­ғи се­зімнен тұратын өлеңді мойын­да­май­ты­нын, поэзия Абайдағыдай салқын ғақылдың поэ­зиясы болуы керек екенін қажет бол­­ғаннан да көбірек айтып-жазып жүр. Өз ба­сым математиканы әуезе етпеймін, себебі одан білетінім шамалы, сол сияқты, біздің ұғымымызда әдебиеттануға басқа саланың өкіл­дерінің баса-көктей араласуынан сақ­тану керек дер едім. Әйтпесе, ұрыншақ баға, үстірт пікірлерге жол беріледі және ондай пі­кірлерге әлі ойсанасы толық орын теуіп үл­гермеген жастар иланып қалмақ. Өлең – алдымен лирика, жүрекпен жазылатын жә­не бір-ақ сәтте қағазға құйылып түсетін се­зім. Жалыны жалт етіп көкке көтерілетін шыңылтыр. Міне, Бернияз дәл осындай шыңылтыр сезімнің ақыны, яғни нағыз, шы­найы ақын еді. Өз дәуірінен құлағы озып туған, ілгері кетіп қалған шын шайыр-тын. Бернияз мұрасы аз зерттелген жоқ, көп те зерттелмеді. Әнуар Дербісалин, Ыс­қақ Дүйсенбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Арап Еспенбетов, Жарасқан Әбдірашев, Сә­бит Жәмбек… айта берсе аз емес зерттеу жүр­гізгендер. Бірақ ақынның оқсатып тұ­рып ішін ашқан кім бар!? Енді айта беруге болады, біздің қыршын кеткен Берниязды тануымыз Мағжанды тануымыздан көп қа­лыңқы. Шынтуайтында, Берн сияқты Бер­нияз да ұлттық өлеңіміздің өлкесіне біршама жаңа түр алып келген, лексикалық-фразалық құбылыстар сыйлаған. Біраз өлеңін Абайша сегіз аяқ порымында түр­ле­генінің сыртында ол ұлттық өлеңімізге кейін­гі Қадыр сынды жол сындырып жазу­ды алғаш ұсынды десек, қателесе қояр ма екенбіз?! Қараңыз:
Ақ төсіңді,
Гүл бетіңді,
Жаным, жатқа көрсетпе…
Бақ алманың,
Дәмін, мәнін,
Білу қайда есекке?!
Немесе:
Келші бері,
Сүйші мені,
Суырылсын көмейім.
Сүй, құшақта,
От құшақта,
Есім ауып өлейін!
Бұл – бірдей жалғыз сөзбен әртүрлі ма­ғына беретін полисемия, Рус­та­ве­ли мәсжиді. Мұндай тамаша мысалдар Бер­­­­нияздан молынан табылады. Тек ыж­да­ғат керек, шырағыңды жасауратып ізер­лей­тін қажыр керек.
Осыдан оншақты жыл бұрын біз, «Астана» журналының шығарма­шы­­лық тобы мәшинемен екі жарым мың шақырымды артқа тастап, Қазанға келдік. Сон­дағы Дүниежүзілік Татарлар қауым­дас­тығының шақыруымен, қала мэрі Илсур Метшиннің алқауымен. Жұмыс кестесі өте ты­ғыз болды, соның ала-шоласында ТР Ұлт­­тық архивіне кіріп шықтым. Бернияз қа­за­сына қатысты істі іздестірдім. Жолға Аста­надан шыққандықтан Алматыда, үйде қал­ған архивтік нөмірленуін ала келмеген едім, мұрағаттағылар содан да іздегенімді тауып бере алмады. Бернияздың жерленген же­рін білмек болған әрекетім де нәтиже бер­меді (татар кардаштар қазақ ақынын, жиен­дерін өлтіріп алғандарына намыс­та­на­тын сияқты болып көрінді маған). Сөй­тіп, ол жолы Қазаннан өкінішпен аттандым. Ке­тіп бара жатып, Қазандай сартегеш шаһар­ға соңғы мәрте бұрылып қараға­нымда, Мағжанның Берниязды жоқтап жаз­ған өлеңінің екі жолы оралды еске:
Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да…
Бақұл бол, жан аға! Қолдан келген қо­раш дүнием осы болды…

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

Leave A Reply

Your email address will not be published.