«Талқыға түскен тағдыр: түркістандық соғыс тұтқындары» монографиясы таныстырылды

122

Қазақстан Республикасының Ұлттық Кітапханасында ғылыми ортаға тарих ғылымдарының докторы, профессор, германист ғалым Гүлжаухар Кәкенқызы Көкебаеваның «Талқыға түскен тағдыр: түркістандық соғыс тұтқындары» атты монографиясының тұсаукесері өтті.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық жобасы бойынша жарыққа шыққан монография екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі түркістандық соғыс тұтқындарының  тарихы мен тағдырына арналған. Отандық тарих ғылымы үшін аз зерттелген мәселелер қатарына жататын тақырып бойынша ұсынылып отырған кітапта Германияның, Польшаның, Ресейдің, Қазақстанның архивтерінен алынған тың деректер негізінде түркістандық соғыс тұтқындарының Үшінші Рейх жаулап алған жерлердегі лагерлердегі ауыр жағдайы, нацистердің Түркістанға қатысты көзқарасы, тұтқындардың талқыға түскен тағдыры баяндалған.

Ғылыми жиында белгілі тарихшылар, қоғам қайраткерлері, тарихи тақырыпта қалам тартатын жазушылар, журналистер кітап туралы, жалпы соғыс тарихына қатысты пікірлерін ортаға салды.

Таныстырылым жиынын Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев, Ұлттық Кітапхана директорының орынбасары Нұрия Есқалиевалар кіріспе сөзбен ашты. Шәмек Тілеубаев тұсауы кесілгелі отырған кітаптың құндылығы дереккөздерге бай, шетелдік архивтерді қамтығанын айтып өтіп, кітап авторы Гүлжаухар Көкебаеваның саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның соғыс тұтқындары бойынша арнайы жұмыс тобына жетекшілік жасағанына да назар аударды.

Алдымен сөз алған кітап авторы Гүлжаухар Көкебаева өзінің «кітап шығарған бірінші ғалым да, соңғы ғалым да емес» екенін айта келіп, «XX ғасырдың тарихын жазудың үлкен қиындығы – бұл кезең тарихының шектен тыс саясиланып кеткендігі» – деп көрсетті. Кеңес өкіметі кезінде тарих арнайы саясиландырылған болса, қазір де сол соқпақтан шығу қиын болып тұр. Тарихшылар өткен тарихи оқиғаға бүгінгі күн тұрғысынан қарағандықтан, саяси реңк басым бола береді. Кітап авторы монография жазу барысында тарихи оқиғаны саясаттан бөліп алу машақатын көп көргенін жасырмады. Кеңестік кезеңде саясат тарих ғылымын басқарып отырды. Мысалға, Чехословакия тарихын зерттеп жүрген тарихшылардың еңбектеріне 1967 жылғы Прага көтерілісінен кейін тосқауыл қойылып, жауып тасталған болатын. «Піскен астың күйігі жаман» дегендей, ғылыми зерттеу қорытындыларының жарыққа шығуына саясат кедергі келтірсе, ол да өзекті өртер еді. 2020 жылы ғылым және білім министрлігіне ұсынылған жоба қабылданып, осы кітап жарыққа шығып отыр. Кітап авторы Түркістандық соғыс тұтқындарының тарихын жазу үшін Германияның, Польшаның архивтерін пайдалану айрықша маңызды екенін тарқатып айтты. Отандық архив қорларында тұтқындар тарихына қатысты деректер негізінен, оларды жазаға тартуға байланысты сот-тергеу материалдары түрінде кездеседі. Кеңестік жазалау органдары материалдары тұтқындардың тағдырына қатысты объективті бола алмайтыны түсінікті. Автордың пікірінше, ұсынылып отырған кітап үлкен тақырыптың ізашары, мұндағы жеке параграфтардың болашақта үлкен монографияларға айналу мүмкіндігі бар.

Жиында сөз алған Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы тұтқындар мәселесі, оның ішінде «Түркістан легионы» тарихына қатысты әлі де зерттеуді талап ететін түйткілді мәселелер бар екенін айтып өтті. Соғыс тұтқындарына 1955 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы жарлығымен рахымшылық жариялаған. Сөйлеуші жарыққа шығып отырған кітаптың оқырманға жетуі пайдалы екендігіне баса назар аударды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-зерттеушісі, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев өз сөзінде жарыққа шығып отырған кітапты жоғары бағалай отырып, түркістандық тұтқындар тағдырына қатысты зерделі жиынның маңызына тоқталды. Сөйлеуші соғыс тұтқындарын ақтау бойынша мәселеге орай, Өзбекстанның «басмашы қозғалысына» қатысты тәжірибесін пайдалануға болатынын көрсетті. Өзбекстан өкіметі басмашылықты «Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы» деп танып, толық ақтауға шешім қылды. Мәмбет Құлжабайұлы тұтқында болып, соғыс аяқталғаннан соң батыс елдерінде қалып қойған тағдыр-тәлейі күрделі болған мұңлықтармен тығыз байланыста болған белгілі тұлға Хасен Оралтайды еске алды. Хасен Оралтайдың елімізге алып келінген архивінде түркістандық тұтқындарға байланысты құнды деректер бар. Белгілі зерттеуші, өзі де түркістандық тұтқын болған Баймырза Хайттың архиві Түркияда сақталған. Кезінде ол архивті Қазақстанға алып келу мүмкіндігі болғанымен, қаржы тапшылығы кесірінен ол мүмкіндік пайдаланымады. Хасен Оралтай сөйлеушіге өзі қолымен «Сарырақаны сағыну» атты Түркістандық соғыс тұтқынының өлеңдер жинағын берген. Бұл жинақтың бір данасы сөйлеушінің архивінде сақталғанын айтып, төл тарихымызды «измдерден» аршу бағытында жазылған игілікті, пайдалы еңбектің оқырманмен қауышуына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғонақов Г. Көкебаеваның еңбегі екінші дүниежүзілік соғыс тарихнамасымен шектелмей,  Германияның Түркістанға қатысты саясатының бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап қалыптасқанын дәлелдеуімен де құнды екенін атап өтті. Осы кітапта көрсетілгеніндей, 1914 жылы Германия Шығыс аударма бюросын құрып, 1915 жылы Вюнсдорф тұтқындар лагерінде мешіт салынған. Бұдан бөлек те кітапта қамтылған тың деректер еңбекті тарихшылар дайындау бағдарламасынан өзіндік орын алатынын айғақтайды.

Отандық тарихтың өзекті тақырыбын зерделеген зерттеудің құндылығы бас қосуға келіп, өз ойларын ортаға салған басқа ғылым салаларының өкілдерінің сөздерінен де аңғарылып тұрды. Бас қосуға келіп, арнайы сөз алған техника ғылымдарының докторы, ұзақ жылдар ҚР Президенті архивіне жетекшілік жасаған Борис Жапаров жаңа кітаптың айрықша құнды екенін атап өтті. Сөйлеушінің бұл тақырыппен таныстығы 2015 жылы Стамбул аэропортында Энвер Алтайлының түрік тіліндегі кітабын көргенімен басталаған екен. Кітапта Ферғана алқабы Марғеланнан шыққан өзбек жігітінің неміс тұтқынына түскен тағдыры суреттелген. Осылайша, маңызды мәселемен танысқан Б. Жапаров, тұтқындар тарихын зерттеудің маңыздылығы ескеріп, Президент архиві аясында «Тұтқын кз» атты арнайы сайт жасақталып, онда 36000 соғысқа қатысып, тұтқынға түскен қазақ жауынгерлерінің мәліметтері топтастырылуына ұйытқы болған екен. 2017 жылы Германияның федералдық өкіметі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия тұтқынында болған көзі тірі азаматтардың әрқайсысына 2000 евро өтемақы төлейтінін жариялайды. Жасақталған «Тұтқын кз» сайтының арқасында 20 қазақстандықтың әрқайсысына 2000 евродан Германия тарапынан өтемақы төленді. Сөйлеуші Шымкенттен хабарласқан бір азамат немістердің өтемақысы олардың есеп-шотына оның әкесі қайтыс болған күні түсіп, ас-садақасына жұмсалғанын хабарлағанын айрықша тебіреніспен айтты.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдың сөзіне осы монография арналған соғыс тақырыбын зерттеудің өзектілігі арқау болды. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жағдайында әскери тарихқа айрықша назар аударылуы керек. Кеңестік кезеңде Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыста шайқасқа керекті қару-жарақ өндірісінің арсеналы ретінде ғана қарастырылып, Қазақстанда жасақталған әскери және инженерлік бөлімдердің тарихына көңіл бөлінбеді. Сөйлеуші Г. Көкебаеваның зерттеуі екінші дүниежүзілік соғыстың субъектісі болған қазақ майдангерлердің тарихына көңіл бөлінуіне әсер етеді деп сенім білдірді.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторанты Еркін Стамшалов өз сөзінде Гүлжаухар Көкебаеваның таныстырылып отырған монографиясында тараулар тақырыптарының әр қайсысы болашақ дербес зерттеу тақырыптары бола алатынын айтып өтті. Мысалға «Үшінші рейх және исалам», «Нацистік биліктің Түркістанға қатысты жоспары», «Легионерлер және «Біртұтас тәуелсіз Түркістан» идеясы тараулары тақырыптары ғылыми нақтылығымен, отандық тарих ғылымында алғаш қойылуымен, саяси конъюктура ыңғайына түрленбеуімен ерекшеленеді. Мұндай сапалы ғылыми зерттеу өміршең болатыны даусыз.

Жиын соңында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі тарих ғылымдарының кандидаты Р. С. Мырзбекова,  шоқайтанушы Ә.Бәкір және басқалар кітап пен оның тақырыбына қатысты өз ойларын ортаға салысты. Кітап авторының айтуынша Ш.Уәлиханова атындағы Тарих және этнология институты аясында дайындалған монография 1000 данамен жарық көріп, еліміздегі кітапханалар қорларына тегін таратылмақ.

Еркін Стамшалов

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторанты

https://turkystan.kz/article/213867-talkyga-tusken-tagdyr-turkistandyk-sogys-tutkyndary-monografiyasy-tanystyryldy/

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.