Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжіліс отырысында 2022 жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру қорытындылары талқыланды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова көрсеткіштер туралы баяндама жасап, былтыр Жамбыл облысының экономикалық өсімі 105,5 пайызды құрады. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден жоғары қалыптасты.
Өңдеу өнеркәсібі (110,2 пайыз), ауыл шаруашылығы (107,5), құрылыс (101), байланыс (102,7), сауда (102 пайыз) құрап, оң динамика қалыптасты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 423,1 миллиард теңгені, жұмыссыздық деңгейі республика бойынша 4,9 пайызды құрады.
2022 жыллың қаңтар-желтоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 859,8 миллиард теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға артық. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар 122,7 млрд. теңгені құрады (өсім 1,6 есе). Жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3,3 есеге, химия өнеркәсібі – 7,7 пайызға артты. Облыста фармацевтика саласы қарқынды дамып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 1,2 есеге өсті.
2022 жылы өңірде «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 82 елді мекенде 149 жоба іске асырылды. Биыл жоба шеңберінде 78 елді мекенде 246 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 6 білім беру нысаны, 13 спорт нысаны, 7 мәдениет нысаны, 2 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі, 185,8 шақырым ауылішілік көше жөндеуден өтеді.
Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, 2022 жылы облыстық бюджеттің кірісі 557,7 млрд.теңгені құрап, 1,3 пайызға артқан.
Нұржан Нұржігітов көрсеткіштері төмен және бюджет қаржысы игерілмеген басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің жауаптарын тыңдады.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов, жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндама жасады.
Нұржан Нұржігітов NEET санатындағы жастардың мәселелерін шешу мақсатында жұмыс орындарын құру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
— Өңірді дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бойынша біз үш бағыт бойынша жұмыс істейміз: жеке инвестициялық жобалар, бюджет қаражаты есебінен іске асатын жобалар, халықты жұмыспен қамту. Әрбір әкімнің және басқарма басшысының жұмысы бірінші кезекте 1 және 3 бағыт бойынша нақты нәтижелерімен бағаланатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің алдымызға жұмыспен қамтуды дамытудың нақты міндеттері қойылды. Ол толыққанды орындалуы тиіс, — деп қорытындылады өңір басшысы.