Биыл Қызылорда-Жезқазған автожолының 100 шақырымы аяқталады

115

Бүгін ҚР Үкіметі аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге өңірдегі «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары және Сырдария өзенінің жағдайымен танысты деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Делегация құрамында ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағанбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі Мейрхат Қасымбаев және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сыртқы займдар департаменті директоры Марат Махамбетов бар.

Алдымен аймақ басшысы Ғабит Әбдімәжітұлына Қызылорда су торабының қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстырды. Нысан 1956 жылы салынған. Қазіргі таңда ол 110 мың га суармалы және 250 мың га жайылымдық жерді аяқ сумен қамтиды. Мұнда 2020 жылы басталған қайта жаңғырту жұмыстары барысында сол жағалаудағы шлюз-реттегіш, жаңа су торабы, су бекеттері мен трансформаторлық қосалқы станция салынып, торап аймағы абаттандырылатын болады. Жобаның бас мердігері жұмысты биыл аяқтамақ.

Әрі қарай делегация мүшелері «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту барысымен танысып, жол құрылысына қажетті битумды сақтайтын қоймаларды аралады. Еске салсақ, аталған автокөлік жолын қалпына келтіру мәселесі көптеген жылдар бойы шешімін таппай келді. 2021 жылы Қызылорда облысындағы 204 шақырым бойынша 6 лотқа бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Өткен жылы мердігер мекемелер «Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясы» ЖШҚ, «Қыран» ЖШС, «Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы» ЖШҚ және «Stecol Corporation» құрылысқа қажетті құжаттарды әзірлеп, дайындық жұмыстарын жүргізді. Биыл мердігер мекемелер жолдың 100 шақырымнан астам бөлігін аяқтауды жоспарлауда, құрылыс материалдарының басым бөлігі қоймаға жеткізілді.

«Қызылорда-Жезқазған жолы – Президенттің тікелей бақылауындағы үлкен жоба. Халықтың да біршама уақыттан бері көтеріп жүрген мәселесі. Сондықтан жолдың сапалы салынуы, мерзімінде аяқталуы өте маңызды. Бұл жоба жол бойы логистикасын дамытып, жол қатынасын едәуір жеңілдетуге сеп болмақ», – деді танысу барысында Ғабит Әбдімәжітұлы.

«Расымен, халық бұл жаңалықты ұзақ күтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жоба басталды. Біз өзіміздің аймақтан өтетін жолдың сапалы салынуына атсалысатын боламыз», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

https://turkystan.kz/article/212690-biyl-kyzylorda-zhezkazgan-avtozholynyn-100-shakyrymy-ayaktalady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.