Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда радионың адам өмірінен алар орны ерекше. Елімізде 5 мыңнан аса БАҚ тіркелген, оның 84-і радио. Уақытпен арпалысқан кезеңде радионы кез келген ортада, қоғамдық көлiкте, үйде, тiптi ұялы телефон арқылы да тыңдауға болады. Халқымыздың шын мәніндегі рухани шежіресін жасап келе жатқан әуетолқындарының бірі –NS радиосы.
NS радиостансасының алғашқы эфирі 1995 жылы 6 наурызда Алматыдан тыңдарманға жол тартты. Эфир «Катерок» мультфильміндегі «Чунга-Чанга» әнімен ашылды. Алғашқы эфирді журналист Константин Иванов жүргізді. 1997 жылдан бастап радио Астана, Қарағанды, Шымкент, Өскемен сияқты еліміздің басқа да қалаларына хабар тарата бастады. Содан бері желінің аясы кеңіп, 28 хабар тарату нүктесіне дейін ұлғайды және бүгінде 70 ірі елді мекенде тәулік бойы ақпарат таратады. Бастапқыда радиостанса эфирінде тек орыс тіліндегі әуендер қойылып жүрді. Алайда 2000 жылы радиостансаның бағыты өзгеріп, эфирде түбегейлі жаңа хабарлар пайда болды. Осылайша, NS радио толқынында шетелдік музыкалық композициялар мен әлемдік хит әндер шырқалды. 2016-2017 жылдары радио формат екінші рет жаңартылды. Бiр кездерi жиiлiктен ресми тiлде болған NS радиосы бүгiнде мемлекеттiк уақыт эталонын беретiн электронды ақпарат құралына айналды. Нәтижесiнде, мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалар бөлiмiнiң мамандары «БАҚ туралы» заңның талаптарын орындап, қазақ тiлiнде тәлiм-тәрбиесi мол хабарлар дайындауға ерекше мән берiп келедi. Әсiресе, әуетолқынының күндiзгi уақыты қазақ тiлiндегi ақпараттық-сауықтық бағдарламалармен толықты. Алғашында NS радиостансасынан «NS-тiң таңғы шашуы» атты ақпараттық-сауықтық әрi танымдық бағдарлама тарай бастады. Телефон арқылы тiкелей толқында тыңдарманмен тiлдесетiн хабар жүргiзушiлерi көптiң көкейiнде жүрген ұлттық мәселелердi қозғады. Бұдан бөлек, тiл тазалығына арналған «Тiлтану», ақпараттық-сараптамалық «Екпiн» және «Қазақ баспасөзiне шолу» бағдарламалары тыңдарманның жүрегiнен ерекше орын алды.
Сондай-ақ NS радиосы баршаға танылған I Am a Singer Қытай музыкалық шоуының қазақстандық нұсқасын ұйымдастыруға қатысты. Жыл сайын наурыз айының басында радиостансасы өзінің туған күніне және Халықаралық әйелдер күніне орай ауқымды концерт ұйымдастырады.
Әуе толқынының ұстанымы айқын
30 жылға жуық уақытта өсу мен өрлеудің, талмай іздену мен талпыныстың жемісі сол – NS радиосы бүгінде ұлттың үні деген лайықты атқа ие болды. Тыңдарман талғамы қашанда биік. NS радиосы сол талғамға сай танымдық, ойын-сауық бағдарламалар ұсынудан шаршаған емес. Айталық, күн сайын әуетолқыны «Жаңа таң» бағдарламасымен басталады. Екі сағаттық ойын-сауық бағдарлама таңертеңнен оянып, жақсы көңіл күйде болуға септігін тигізеді. Эфирде көптеген пайдалы ақпарат, жұлдызшының кеңестері, айрықша оқиғалар, сергітетін музыка мен интерактивті ойындар да қамтылған. Әр жұмыс күні сағат 08.00-ден 10.00-ге дейін, бағдарламаны Александр Шмыгалев және Евгения Гришанина тізгіндейді. «Жұлдызнама» айдарында күн сайынғы астроболжам жасалып, оқырмандардың бір күнгі жоспарларын дұрыс сәйкестендіруге мүмкіндік береді. «Не дейді?» айдарында көпшіліктің талқысына түскен жаңалықтар мен оқиғалар туралы қысқаша баяндалады. «Бәрінен оңай» айдарында тыңдарманның көңілінен шығатын, өмірде жүзеге асыруға болатын керек кеңестер айтылады. Демалысқа қай ай лайықты? Балалар планшеттерден қалай бас тартады? Жұмысқа ерте тұратындар қабілетті ме? Әлде кеш жататындар ма?… Осы және өзге де қызықты сауалдарға «Бәрінен оңай» айдары жауап береді. «Жаңа таң» бағдарламасының келесі айдары «Міне, осындай кино» деп аталады. Бұл әлемдік премьераларды асыға күтетін киносүйер қауым үшін қызықты ақпараттар легі. Осылайша, әр бейсенбі және жұмада, радио эфирде танымал кинотуындыларға шолу жасалады.
– Радионы сүймеу мүмкін емес. Бұл шулы болса да, мінсіз өнертабыс. Әйтсе де, осы бір FM дыбыстың бір бөлігі болу – жауапкершілігі мол, сонымен қатар қызықты тәжірибе. Эфирдің көңілді өтуі жүргізушіге байланысты. Мен тамаша көңіл күймен бөліскенді ұнатамын, ал тыңдаушыларым ризашылықтарын білдіріп жатады. Тыныштықтан ажырап, NS радиосын тыңдаңыздар! – дейді таңғы эфир жүргізушісі Евгения Гришанина.
Сонымен қатар NS радиостансасынан жедел түрде жаңалықтармен танысуға болады. Әлем және Қазақстан жаңалықтары қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Басқа радиостансалардан NS-тің ерекшелігі – ең өзекті жаңалықтарды басқалардан 5 минут ертерек, соңғы оқиғаларды бірінші болып хабарлауы.
Радио – тыңдармандардың қуанышына ортақтасатын, алыстағы ағайынды жақындастыратын ерекше орын. Сондықтан да тыңдармандардың бір-бірімен хат-хабар алмасып, құттықтау жолдау әдеті бұрыннан қалыптасқан. NS радиосында Live Chat музыкалық – құттықтау бағдарламасы қазақ тілінде (күн сайын сағат 14.00 ден 15.00-ге дейін) және орыс тілінде (16.00-ден 17.00-ге дейін) жарық көреді. Бұл бағдарламада тыңдаушылар тікелей эфирде қалаған адамына сәлем жолдап, тілек айтып, заманауи байланыстың барлық мүмкіндігін пайдаланады.
Радионың негізгі тыңдармандарын көлік тізгіндеген азаматтар мен жолаушылар құрайды. Күйбең тірліктен шаршаған кезде жақсы бір әуен үшін жаңа әуе толқынын іздейтіндер де бар. Аудиторияның осы сұранысына орай NS радиосы «Хит за хитом» атты бағдарлама ұсынады. Үздік хиттер мен әлі ешкім білмейтін жаңа әндердің қосындысынан тұратын музыкалық бағдарлама тыңдарманға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Музыкалық шеру әр жұма және сенбі күндері кешкі 8-ден түн ортасына дейін жалғасады. Сонымен қатар радио автожүргізушілер үшін кептелістер мен айналма жол іздеу мүмкіндіктері туралы жедел ақпарат таратады. Осылайша, қаладағы кептелістің жай-күйін баяндап, тыңдармандарға көмек көрсетеді.
NS радиосымен бірге өткен жылдарға оралып, ыстық естеліктерді еске түсіруге де болады. Дүйсенбіден бейсенбіге дейін кешкі 8-деVHS дәуірі, 80, 90 және 2000-жылдардың би хиттері қосылады.
Үздіктер қатарынан табылды
27 жылдық тарихы бар кәсіби радио студияда мықты мамандар жұмыс істейді. NS радиосы жыл сайын үздіктер қатарынан табылып, әртүрлі халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Айталық, 1999 жылы Мәскеуде өткен Халықаралық жарнама фестивалінде «Не кури» аудиожарнамасы үшін «Әлеуметтік жарнама» аталымында Алексей Парепко 1-орын алды. Сондай-ақ әр жылдары төмендегідей жүлделерді иеленді:
2002 ж. «Эфемми» сыйлығы (Қазақстан): «Жылдың үздік бағдарламасы» – «Портреты» (Людмила Тимошенко)
2002 ж. «Эфемми» сыйлығы (Қазақстан): «Жылдың үздік жүргізушісі» – Наиль Ахмеджанов.
2004 ж. «Халық сүйіспеншілігі» бас жүлдесі – NS Радиосы белгісі. Brand of the year байқауы (Қазақстан).
2013 ж. «Жыл таңдауы №1» фестиваль-байқауында «Қоғамдық тану» сыйлығының иегері.
2014 ж. «Жыл таңдауы №1» фестиваль-байқауында «Әлеуметтік және мәдени салаларды түсіндіруде қосқан үлесі, тұрақты кәсіпқойлық және жоғары шығармашылық деңгей» бизнес Гран-при №1 арнайы жүлдесі.
2015 ж. Қазақстан Республикасы журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» ұлттық жүлдесі «Үздік радио» аталымын.
2017 ж. «Жыл таңдауы №1» фестиваль-байқауында «Кәсіпқойлық жетістіктер үшін» аталымында лауреат.
2018 ж. Tolqyn сыйлығының иегері Ләззат Абдреева – «Үздік эфирлік дауыс».
2018 ж. Tolqyn ұлттық сыйлығы – «Музыкалық бағдарлама» аталымы бойынша жеңімпаз.
2019 ж. Tolqyn ұлттық сыйлығы – рейтингтік компаниялардың нұсқасы бойынша ең танымал радио.
2020 ж. Жаңалықтардың шығарушы редакторы Ләззат Абдреева сол кездегі «Nur Otan» партиясы тағайындаған «NUR SUNQAR – 2020» республикалық байқауының «Радионың үздік журналисі» аталымында жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ 2021 жылы «Жаңа таң» жобасы баспа, радио, интернет журналистика саласындағы жеңімпаздарды анықтайтын URKER AWARDS 2021 беделді ұлттық байқауында «Радиостансадағы үздік жоба» аталымында жеңіске жетті. 12 номинация, 340 қатысушы бақ сынаған бірнеше кезеңдік байқауда NS радиосы топ жарды.
– «Жаңа таң» жобасы тыңдаушыларды алдағы уақытта да сапалы контентпен қуанта бермек, өйткені NS радиосы – бұл толығымен отандық өнім, біздің сигналды еліміздің барлық нүктесінен естуге болады. 27 жыл бойы бізге сенім артқан миллиондық аудиториямызға мың алғыс! – дейді радио ұжымы.
Тыңдармандарынан ажырамаған
Радионың әуетолқынына шығатын әдеби-мәдени жауһарлары тыңдарман қауымның сыршыл көңіліне сазды самал ұялатып, адам жанын баурайтыны анық. Өнермен өзара өзектес, өмірлес тағдырлар туралы толымды толғаулардың топтасқан кеніші да осы NS радиосы. Болашақта да радионың даусымен оянатын, оның даусынан қуат алатын ұрпақ қатары толастамасы анық. Себебі NS радиосы тыңдармандарынан бір сәтте ажырап қалған емес. Керісінше, әлеуметтік желіде, «В Контакте», Facebook, және Instagram беттерінде тыңдармандардың ұсыныс-тілегін қабылдап, үнемі байланыс орнатып келеді.
– Бала күнгі арманым радиода жұмыс істеу болатын. Сол асқақ арманды осы радиода орындау жазыпты. Армысыз, радиосүйер қауым! Ұлттық радио толқынымен бірге болғандарыңызға алғысымыз шексіз. Әр күніңіз шаттық сезімімен, қуанышты сәттермен көрікті болсын. Соның бәрін біз сіздерге сыйлауға әрдайым дайынбыз. NS радиосы үнемі қосулы болсын, қымбатты тыңдарман! – дейді журналист Олжас Тахан.
Сондай-ақ NS радиосының сайты жаңа форматта жұмыс істейді. Оның ұраны – «Біз музыкадан жасалғанбыз!». Тыңдаушылардың сүйікті әуе толқынында тәулік бойы музыка тыңдап, ақпарат алуына болады. Ресурс ыңғайлы функционалдылыққа ие және оның дизайны айтарлықтай креативті. Радио ойнатқышы кез келген талғамға арналған музыканы non stop режимінде таңдауға мүмкіндік береді. Ыңғайлы болу үшін интернет хабар тарату жеті онлайн стансаға бөлінеді: original, rock, jazz, lounge, kz, орыс хиті және шансон. Радионың веб сайтында отырып бірден WhatsApp-қа қосылып, студиямен тікелей байланыс орнатуға да болады.
– Радио – өте жанды және мобильді құрылым. Идеяданы іске асыруға дейінгі жол қысқа және нәтиже бірден көрінеді. Тек радио көңіл күйді қалыптастыра алады. Біздің эфирдің 70 пайызы соңғы 25 жылдағы танымал музыкалар. Біздің аудиторияның жартысы 25 пен 44 жас аралығындағы адамдардан тұрады, оның ішінде әйелдер ер-азаматтарға қарағанда көп. 80 пайыздан астамы радионы көлікте тыңдайды, – дейді радио ұжымы.
Бүгiнде NS радиосы еліміздің түкпір-түкпіріне тарап үлгерген. БАҚ iшiнде беделдi орынға ие болып отырған радио қазақ журналистикасының дамуына үлес қосып келеді.
https://turkystan.kz/article/208845-eleumetti-euenmen-eldilegen-radio/