Прагада тұратын Жәмилә Андреева осыдан бір жыл бұрын әлемге Papaoutai әнімен танымал болған бельгиялық музыкант Stromae-нің бейнебаянына түскен болатын. Оған дейін шағын рөлдерді сомдап жүрген ол 45 млн қаралым жинаған әлгі бейнебаяннан соң ұсыныстар көбейгенін алға тартады. Шопанның отбасында тәрбиеленген Жәмилә шоу-бизнеске онша ұмтылмағанын, бәрі кездейсоқ болғанын айтады. «Қазақты әлем тани түссін» дейтін Жәмиләға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Есімі елге белгілі блогер Нағима сізді «Қаскелеңнен шыққан қайсар қыз» деп жазады. Анығында, сіз…?
– Анығында, мен Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына жақын жерде орналасқан жайлауда киіз үйдің ішінде дүниеге келгенмін. Әкем – көп жыл бойы шопан болған кісі. Анам да оған мал шаруашылығымен айналысуға көмектескен. Негізі, мен емес, менің әкем Қаскелеңнен. Ал анам – Петропавл жақтың перзенті. Бір жыл сол жайлауда тұрған соң ата-анам мені Петропавлға нағашыларымның тәрбиесіне берген. Онда бес жасыма дейін болдым. Сосын ата-анам алып кеткен соң бәріміз жайлаудан Қаскелеңге көштік. Әкем онда келген соң күзетші де болды, мал да бақты. Сосын сол малды сатып, одан түскен ақшаға жер алды. Содан соң ол жерді сатып, үй алып, бізге жағдай жасаудың амалын жасады. Қаскелеңде орта мектепті бітірген соң Алматыдағы техникумдардың біріне модельер-конструктордың оқуына түстім. Техникумды аяқтаған соң үйден қашып, Алматыға келдім (күліп).
– Неліктен? Ата-анаңыз Алматыда қалуыңызға қарсы болды ма?
– Иә. Анам «Киім тігуді үйренесің, сосын осында келіп, көрші әйелдерге көйлек тігесің. Осында жұмыс істейсің» деп мені қалаға жібергісі келмеді. Оған қарсы шығып, Алматыға келіп, жұмыс істедім. Үйдегілерге жалақым жан бағуға, тіпті тамағыма жетпейтінін айтуға дәтім бармады. Себебі олай айтсам, олар бірден «Ауылға қайт!» дер еді. Сөйтіп, нәпақа табу үшін жатпай-тұрмай еңбектене түстім. Модельер болып жұмыс істедім. Ательеде де еңбек еттім. Коллекция әзірледім. Сосын құрбымның ательесінде алдымен тігінші болып жұмыс істеп, екі жылдан соң директор қызметін атқардым. Кейін ол құрбым Чехияға қоныс аударды. Ол арқылы Чехияға қызыққан мен 2009 жылы ол жаққа турист ретінде бардым. Бір апта бойы саяхаттаған соң кенеттен жол апатына түсіп, омыртқамды сындырып алдым. Сол себеппен Прагада екі жарым ай ауруханада жаттым. Сөйтіп, осында қалып қойдым. Шынымды айтайын, шетелде тұруды тіпті армандамағанмын. Алматыда табыс көзі жақсы болды. Оған қоса, басымызда баспанамыз, қасымызда ата-анамыз болды. Ал күйеуім екеумізге Прагада алғашында қиын болды. Істемеген жұмысымыз жоқ, еден де жудым, тапсырыс алып, киім де тіктім. Анам, енем, өзге туыстарым «Қара да тұр, қайтып келесіңдер!» деп үнемі айтатын. Оларға ерегісіп, «Бәріне шыдаймыз» деп тынбай жұмыс істедік. Дегенмен расымен, басымыздан небір қиын күндерді өткердік. Қазір «Шетелге барасың ба?» десе, ойланар едім. Біз фирма арқылы келген соң шығынымыз көп болды. Салық көп төледік. Мұнда орысша, ағылшынша сөйлеу деген жоқ. Бәрі чех тілінде сөйлейді. Ал чех тілі – тез әрі оңай үйренетін тіл емес. Алғашында балалардың үлгерімін қадағалау қиынға соқты. Әсіресе, мұғалімдерінің жазып жіберген жазбаларын, жиналыста сөйлеген сөздерін түсіне алмай әлек болдық. Кейін бала-шағамен бірге чех тілін үйреніп, бәрін түсінетін болдық.
– Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңыздың профиліне Actress based in Prague деп жазыпсыз. Прагадағы әртістік жолыңыз неден басталды?
– Осыдан бір жарым жыл бұрын бір құрбым «Менімен бір кастингке баршы. Аударып отырасың» деп өтінген еді. Ойда ештеңе жоқ, қолдау білдіру үшін оған ере бардым. Сол кезде кастинг-директор «Сіз де қатысқыңыз келмей ме?» деп менің жарнамаға қажет бір рөлді сомдап шығуымды сұрады. Содан соң мені бірден Қытай, Вьетнам елдеріне арналған сол жарнама ролигіндегі басты рөлге бекітті. Бұған көп ақша төледі. Өзіме біреудің рөлін сомдаған сондай ұнағандықтан, өнер жолына бет бұрғанды жөн көрдім. Негізі, мен көп роликке түстім. Прагада Қытай, Тайланд, Филиппин елінің өкілдері, қысқасы, азита әйел керек болса, үнемі мені шақырады (күліп). Айтпақшы, мен мексикалықтың да, үндістің де рөлін сомдадым. Сонымен қатар киноның массовкасына да түскенім бар. Білуімше, Қазақстанда массовкаға қатысқаның үшін аз төлейді. Ал мұнда бір күнге 100 еуро аласың. Әйгілі актер Киану Ривз басты рөлде ойнайтын, «Джон Уик» кинофраншизасының жалғасы саналатын «Балерина» фильмінің массовкасына түстім. Түсірілім жұмыстары Прагада басталған еді. Сосын Орландо Блум басты рөл сомдайтын «Карнавал көшесі» киносында эпизодтық рөлде ойнадым. Бұл туындылар көрерменге әлі жол тартқан жоқ. Келесі жылы көрсетіле жатар. Шағын, еленбейтін рөлдер болса да, мұның өзі мен үшін жетістік. Тек менде меркантилдік қызығушылық басымырақ, қайда жақсы төлейді, соған барамын (күліп). Кинодан бөлек, бейнебаяндарға да түстім. Танымал бельгиялық әнші Stromae-нің, британдық өнерпаз Майеллоның бейнебаяндарына түстім. Одан бөлек, Словакия, Чехия әншілерінің бейнеклиптерінде де бой көрсеткенім бар. Бірақ негізінен мен көбіне жарнамаға түсемін. Өйткені жарнама жасаумен айналысатын агенттіктер ақша көп төлейді. Жуырда бір жарнамаға түстім, оның шығуын күтіп жүрмін, себебі әлемге тағы бір рет танылуға мүмкіндігім бар (күліп). Қазір балам екеуіміз бір жарнамаға түсіп жатырмыз, онда чукча отбасының рөлін сомдаймыз. Әртістіктен бөлек, мен пандемия басталғанға дейін концерт ұйымдастырумен айналысқан едім, бірақ концерттер сирек өтетіндіктен, бұл істі қойып кеттім. Қазір Прагада Украинадан келген босқындарға көмек көрсету орталығында жұмыс істеймін.
– Бізге әлемге есімі мәшһүр бельгиялық музыкант Stromae-нің Santé (қазақшасы – Денсаулық үшін) әніне түсірілген бейнебаяндағы басты рөлге қалай бекітілгеніңіз қызық болып тұр. Ол жұмыс тобымен Прагаға келіп кастинг өткізді ме? Әлде, сіз Бельгияға бардыңыз ба?
– Түсірілімге көп қатысқан соң кастинг-агенттіктерде біз туралы деректер сақталатыны анық. Бір күні маған режиссерден «Stromae-нің клипіне түсесіз бе?» деген хабарлама келді. Ол кезде Stromae-нің кім екенін де білмеймін. Оны әлемге танытқан Papaoutai хит әнін естігенмін, бірақ оны орындайтын әншінің есімі кім, түрі қандай екеніне қызықпаппын. Сөйтіп, әртісті танымасам да келісе салдым. Бір күннен соң режиссер хабарласып, басты рөлге бекітілгенімді айтты. Сосын ұшақ билеттерін жіберген соң қыркүйек айында түсірілім өткен жер Киевке ұшып бардым. Түсірілім барысында небір қызықтар болды. Stromae-нің әйелі Коралиді фотограф деп ойлап, «Сіз кімсіз? Не істеп жүрсіз?» деп сұрағаным бар. Сосын Stromae-нің шын есімін сұрап, мазасын алдым (күліп). Бірақ біз Stromae-ден гөрі, оның ағасы, продюсері әрі директоры Люкпен көп араластық. Сосын бейнебаянның соңғы көрінісінде мен рөлімді ойнап біткен соң бәрі қол шапалақтап жатыр. Режиссер, оның көмекшілері, операторлар, тіпті еден жуушылар, бәрі-бәрі шапалақтап, риза болғанын байқадым. Мен болсам, бәріне алғыс айтып, дән риза болып жүрмін. Сөйтсем, жалпы түсірілім жұмысы аяқталған кезде бәріне қол шапалақтау дәстүрі бұрыннан бар екен ғой (күліп). Ал мен оны білген жоқпын. Жиналған жұрт тек маған ілтипат білдіріп жатыр деп ойлап қалсам керек.
– Байқағанымыздай, ол бейнебаянның түсіріліміне тек сіз емес, бірнеше қазақ әйел жұмылдырылған секілді.
– Иә, онда менен басқа орта жастағы екі қазақ әйел ойнайды. Екеуі де Киевте тұрады. Олармен қазақша сөйлесіп, өзара шүйіркелесіп алдық. Бізден бөлек, бейнебаянда бір қырғыз және бір кәріс әйел бой көрсетеді. Азиялық тағамдар әзірлейтін мейрамханадағы көрініс көрсетілетін болғандықтан азиат әйелдерді іріктеп алса керек.
Бастапқыда басқа әртістерді массовкаға, ал даяшының рөлін сомдайтын мені «басты рөлге бекітілген шетел әртісі» деп шақырған болатын. Түсірілімде бар өнерімді ортаға салсам керек, «Сізге баса назар аударылып кетеді» деп монтаж кезінде біраз жерін «кесіп» тастады. Дегенмен рөлім көңілімнен шықты. Оларға бәрінен бұрын кәсіби актрисаның рөлі емес, энергетика маңызды болды. Сондықтан режиссер маған «Энергияңды көрсет. Биле!» деді. Ал мен билей алмаймын, бірақ оларға менің сол билей алмағаным да қажет еді.
– Сонда бейнебаянда бәрін таңғалдырған би қимылдарын түсірілім кезінде ойдан шығардыңыз ба?
– Киевке Мадонна, Дуа Липамен бірге жұмыс істеген Марион Матин деген мықты хореограф шақырылды. Ол басқа әртістердің би қимылын әзірлеп берді. Ал менімен бір күн жұмыс істеген соң «Білгеніңді жаса. Дұрысы сол. Сен жасайтын импровизация жақсы шығады» деп, маған ерік берді. Сөйтіп, бар білгенімді орындап шықтым. YouTube-та бейнебаянның астына жазылған пікірлердің арасынан мені «Өте талантты кісі екен. Кәсіби әртіс емес дегенге сенбеймін» деген секілді жазбаларды оқып, бір марқайып қалдым. Расында, бұл бейнебаянның маған берері көп болды. Осыдан соң ұсыныстар көптеп түсті. Бейнебаянда өзім қамтылған бөліктерден шоурилл жасап, оны керек жерлерге жіберемін. Оны көрген көпшілігі «Уау, Stromae-нің клипіне түстіңіз бе?» деп таңырқасып, кастингсіз таңдап алады. Бұрын түрлі агенттіктерге барып, кастингтен өтуге тіркелетінмін. Қазір оның қажеті жоқ, себебі көп түсірілім барысында режиссермен жақсы байланыс орнатқандықтан, олар мені өздері шақырады. Оған қоса, әлеуметтік желіге сіз байқағандай, «актрисамын» деп жазып қоямын. Менің парақшамды көрген олар байланысқа шығып, ұсыныстарын ортаға салады.
– Демек, соңғы бір жылда сіздің танымалдығыңыз арта түсті ғой.
– Әлбетте! Бірде Stromae-нің Миланда өткен концертін тамашалауға барғанмын. Мені бірден таныған журналистер ағылшын тілінде сұхбат алғысы келген еді, бірақ мен ағылшын тілін түсінгеніммен, сөйлей алмаймын. Сөйтіп, ағылшын тілін оқи бастадым. Сұхбат беруден бөлек, бұл тілді білген өзіме жақсы. Себебі Прагада америкалық продакшндар көп түсірілім жасайды. Журналистер ғана емес, қарапайым адамдар да көшеде мені көріп қалса хал сұрасып, менімен суретке түседі. Stromae французтілді әнші болғандықтан, Чехияда аса танымал емес. Бірақ АҚШ, Канада, Ресей, Беларусьтен бөлек, француз тіліне басымдық беретін барлық елде атағы айға жетіп тұр. Дегенмен Чехияда мені сол бейнебаян арқылы танитындар баршылық. Бірақ анам «Stromae деген кім ол? Танымаймын. Қайрат Нұртас болса бір жөн» деп бой бергісі жоқ. Оның көңілінен шығу үшін енді маған Қайрат Нұртастың бейнебаянына түсу керек болды (күліп). Расында, кезінде Мұрат Насыров Чехияда клип түсіргендей, Қайраттар да осында келіп жоба жасаса қуана-қуана келісер едім.
– Stromae-нің сол бейнебаянының мазмұны мен халыққа бағыттаған месседжі де ерекше. Мұнда қарапайым қызметкерлерге, қара жұмыс істейтіндерге ерекше көңіл бөлінеді. Қандай ауыр жұмыс істесең де өзіңді жоғалтып алмау, ұсақ-түйектің өзінен қуаныш таба білу керектігін баса айтады. Басты рөлді сомдағандықтан, түсірілім кезінде өзіңіздің сол қарапайым жандардың ішкі дауысын жеткізгеніңізді сезе алдыңыз ба?
– Жоқ, маған берілген рөлдің маңызын, бейнебаян жарыққа шығып, аудармасы пайда болғаннан кейін жете түсіндім. Француз тілін түсінбеймін, сондықтан ештеңені ойлаған жоқпын, бұл клипке аналитика да жасамадым. Бірақ бұл мен үшін позитивті рөл емес, бұл – шындық. Себебі мен мұнда біреудің рөлін сомдамадым, өз-өзімді ойнап шықтым. Мен де қара жұмыс істедім ғой. Істемеген жұмысым жоқ. бейнебаяндағыдай даяшы болмасам да, Алматыда директор болып жүргенде де қара жұмысты көп істейтінмін. Үйден таңғы алтыда шығып, түнгі екіде «сүйретіліп» келетінмін. Прагада да біраз жұмыстың басын шалдық. Қазақстанда болғанда ата-анам көмектесер еді. Ал мұнда балаларға қарайласатын ешкім жоқ. Таңмен таласып, оларды балабақшаға, мектепке апарасың. Сосын жұмысқа жүгіресің. Өзіңе көңіл бөлуден қаласың. Көңіл көтеруді білмейсің. Түнде келіп, ананың қамын бір ойлап, мынаның қамын бір уайымдап, ұйқыға кетесің. Өмір бойы осылай еңбектеніп келе жатқан біз үшін ол клиптегі эмоция таңсық емес. Жалпы, Stromae шығармаларында әлеуметтік тақырыпқа көп көңіл бөлетін ерекше әнші ғой. Әрі өзі сондай қарапайым. Менмендіктен ада. Ол секілді ерекше әртіспен бірге жұмыс істегеніме қуанамын. Оның директоры әрі ағасымен әлеуметтік желіде байланысып отырамын. «Тағы жобалар болса, міндетті түрде шақырамыз» деген еді.
– Суреттеріңізге қарасам, ұлыңыз да өнер жолына қадам басқан секілді.
– Осы кастингтер мен түсірілімдердің бәріне өзім үшін емес, балаларым үшін барамын. Оларға жол көрсетіп, жөн сілтегім келеді. Он жеті жастағы үлкен ұлым өнерге онша қызықпайды. Кенже ұлым мен қызымды түсірілімдерге жиі ертіп барамын. Ұлымның танымал модель болғанын, подиумдарда қазақтардың атын шығарғанын, сондай-ақ қазақстандық киноларда басты рөлді сомдағанын қалаймын. Сосын Прагада қамқорлық танытып жүрген екі жас әртіс бар. Оларда түрлі агенттіктерге жіберіп, қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін.
– Соңғы сұрақ, сізді алға жетелейтін мақсат қандай?
– Оскар сыйлығы. Біреулер мұны естісе күлетін шығар, бірақ расымен бұл беделді сыйлықты алғым келеді. Ол өзіме бұйыра ма әлде балама бұйыра ма, бәрібір. Ол сыйлықты қолыма ұстағым келеді. Қазір қазақтар әлемді жаулап, трендке айналып жатыр ғой. Сондықтан неге қазақтың атын тағы бір шығармасқа?!
– Сұхбат бойы езуімізден күлкі кетпей, сізге таңғалумен болдық. Расында, бейнебаяндағыдай айналаңызды позитивке толтырып жүретін жан екенсіз. Әңгімеңізге рақмет!
– Басқаша қалай болуға тиіс?! Жолай кезіккен қиындыққа бола отыра кетіп жыласам, біреудің арам пиғылын көріп, оны жамандасам не болады? Бұдан маған қандай пайда бар? Кез келген нәрседен позитив таба білу керек. Өмір өзі қателігімізді реттейді. Тек бәрін жүрекке жақын қабылдамасаң, жағдай соншалық қиын емес. «Жұмыс жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп қыңқылдап отырғандарға қарап кейде налимын. Олар оны екі мүшең сау болса, тау мен тас қопаруға болатынын түсінсе екен дейсің.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
https://turkystan.kz/article/208823-stromae-nin-beynebayanyna-tusip-elemge-tanylgan-shopannyn-kyzy-zhemile/