Қостөбе ауылдық округіндегі Талас, Қостөбе ауылы азаматтарының ауызбірлігі, ынтымағы жарасқанын бұрыннан жақсы білетінбіз. Соның бір дәлелі өткен жылы таластықтар өз ауылдарындағы жалғыз басты анаға көмек қолын созып, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында үй соғып берген еді. Енді міне сол дәстүр биылғы жылы қаймағы бұзылмаған Қостөбе ауылында жалғасын тауып отыр.
Өткен аптаның қасиетті жұмасы күні аталған ауылдағы К.Шілдебаев көшесінде тұратын жалғызбасты ана Гүлжан Жылқышиева жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлады.
Бұл отбасы – бұған дейін кішкене ғана қоржын тамда 6 адам қысылып-қымтырылып тұрып келген еді. Енді міне барлық жағдайлары бар, кең де, жарық, еңсесі биік жаңа үйге қолдары жетіп отыр.
«Асарлатып үй салу» жобасы бойынша салынған үйді иесіне тапсыруға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, аудандық мәслихаттың осы өңірдегі депутаты Гүлсүн Ешеева, Қостөбе ауылдық округінің әкімі Нұрғали Қожабергенов, Қостөбе, Талас ауылдарының азаматтары қатысты.
– «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған үш жылда біздің ауданымызда жыл сайын бірнеше көпбалалы, аз қамтылған және баспананы қажет етіп отырған бірнеше азамат баспанаға қол жеткізді. Ал, биылдың өзінде төрт ауылда осындай «Асарлатып» салынған үй пайдалануға берілсе, бүгін тағы үш ауылда осы жоба аясында соғылған үйлердің иелері қоныс тойын тойлауда. Бұл ретте осы бастаманы қолға алып, оның жүзеге асуына көмек қолын созған осы ауылдағы кәсіпкерлер, жекелеген азаматтарға алғыс айтамыз. Ал бұл қоғамды жанашырлық пен бірлікке жұмылдыра отырып, жастарға үлгі көрсету деп түсінгеніміз жөн. Гүлжан апай, жаңа баспанаңыз құтты болсын, үй іші ырыс-береке, ынтымаққа толы болсын,-деді аудан әкімінің орынбасары Дәуір Рысбайұлы.
Бұдан кейін Қостөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махмет Сүлейманов пен кеңес мүшесі Махун Төлеуғалиева өздерінің ақжарма тілегін жеткізді.
Жаңа үйдің лентасын Махмет Сүлейманов пен Қадыр Зухаров қиған бетте апалар жағалай шашу шашты. Артынша шараға қатысушылар асарлатып салынған төрт бөлмелі үйге кіріп, аралап көрді. Бөлмелері кең, үйге су кіргізіліп, электр жарығы, газ қосылған екен.
– Осы үйді асарлатып соғуға көмек қолын созған барлық азаматтарға алғысымды айтамын. Осындағы жұмыстың басы-қасында болған округ әкімі Н.Қожабергеновке мың да бір рахмет. Ауыл кәсіпкерлері мен көршілерімнің де көмегі көп болды. Сондықтанда бәріңізге ризамын,-деп ағынан жарылды үй иесі Гүлжан апай.
* * *
Міне осы күні ауданымыздың Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылының тұрғыны, көп балалы ана Айдана Әбітаеваға асарлатып салынған 5 бөлмелі үйдің, ал Сазтерек ауылдық округіне қарасты Жаңасаз ауылындағы баспанаға мұқтаж Ержан Сәлімбаевтың отбасына 10 желтоқсан күні ауыл тұрғындарының көмегімен бой көтерген 3 бөлмелі үйдің кілттері табысталды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ