Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте республикалық және жергілікті бюджет есебінен және Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асатын жоспарлы жобалар талқыланды.
Облыс әкімі жылдың аяқталуға жақын қалғанын атап өтіп, жауаптыларға негізгі әлеуметтік көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді және мемлекеттен бөлінген бюджет қаражаттарын толық игеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы алдағы жылдарға бюджетті жоспарлау, нақтылауға қатысты бірқатар мәселелерге назар аудартты.
Басқосуда Тараз қаласы мен аудандар бойынша жеке-жеке тоқталған басқарма басшылары жобалар бойынша өзекті жайттарды тілге тиек етті.
Нұржан Нұржігітов барлық саладағы құрылысқа қажеттілік бойынша нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу барысын толық талдап, нақты ұсыныс енгізу қажеттігіне назар аудартты.
— Қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, облыс экономикасына әсерін тигізетін негізгі салалалардың жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу маңызды.
Орындаушылық тәртіпке аса көңіл бөлу керек.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту және облыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге, өңіріміздің дамуына бағытталған жұмыстарды белсенді атқаруға тиіспіз,-деді облыс әкімі.