Осындай тақырыппен Үлгілі ауылдық клубында қазақ, орыс, ағылшын пәндерінің мұғалімдері, тілдер бірлестігінің ұйымдастыруымен іс-шара өтті.
Айтулы шараға Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің “Баспасөз қызметі” орталығының басшысы Бибігүл Шахзада, медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева, медиатор, аудандық қоғамдық штаб мүшесі Ғайни Көшекбаева қатысты. Одан кейін «Ұлттар татулығы» атты көрініс көрсетілді. Онда қазақ жерінде тату-тәтті тұрып жатқан этнос өкілдерінің бірлігі мен татулығы суреттелді. Мұнан соң достық, бірлік, татулық, бейбітшілік туралы әндер шырқалып, домбыра шанағынан күйлер төгілді. Әрмен қарай ретімен сөз алған қонақтар ел тарихына тоқталып, ұлттық дәстүр мен мәдениет, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, дамыту, ұлтаралық ынтымақтастық пен сабақтастықты өркендетуге қатысты сұрақтарға жауап беріп, ойларын ортаға салды. Үлгілі ауылының тұрғыны, неміс ұлтының өкілі Ирина Рейнк «Қазақстанда туылғаныма, осында өмір сүріп жатқаныма өте қатты қуанамын. Қазақ халқының салт-дәстүрін білемін. Тіпті мереке кезінде ұлттық тағамдарды, бауырсақ әзірлегенді жақсы көремін. Балаларым қазақ мектебінде оқиды, қазақ тілінде сөйлегендерін мақтан тұтады»,-деп сөзін аяқтады. |
Айнұр Аскербай.