Түркістан облысында бірнеше көлік соқтығысты деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2 қарашада Қазығұрт аудандық полиция басқармасына Алматы –Термез тас жолы Қазығұрт асуында жол апаты болғаны туралы ақпарат түсті.
Патрульдік полиция батальонының қызметкері Mercedes-Benz Е-350 жүргізушісін әкімшілік жауапқа тартып жатқанда Lada 21015 жүргізушісі абайсызда аталған көліктің артына соғылған. Салдарынан Mercedes-Benz Е-350 алдында тұрған полицейдің Kіа Rіо қызметтік көлігін соққан. Осылайша, бірнеше көлікке материалдық шығын келтірілді. Адам шығыны жоқ.
Lada 21015 жүргізушісі мен 2 жолаушысы түрлі дене жарақатымен орталық ауруханаға түсті.
Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі («Көлiкті басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекет) бойынша тіркеуге алынды. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.