КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНЕ РЕЙД ЖҮРГІЗІЛДІ

203
Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғасы салдарынан болып жатқан қайғылы жағдайлар аз емес. Әсіресе, жақында Өрнек ауылдық округі аумағында орын алған жол-көлік апаты көптің көңілінде сақтаулы. Сол оқиғадан 7 адам көз жұмды. Сондықтан да темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілер ең алдымен жол қауіпсіздігін қатаң сақтап, ережені бұзбауы керек.
Осы мақсатта, яғни, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ауданда жұмыс тобы құрылған болатын. Аталмыш жұмыс тобы аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтің бастауымен бейсенбі күні такси жүргізушілеріне рейд жүргізді.
Бірлескен рейд барысында ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімінің полиция майоры Жасұлан Сантаев, Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жамбыл Құрманбеков такси жүргізушілеріне салық органдарына такси қызметкері ретінде қалай тіркелуге болатынын және жолаушыларды сол сақтандыру куәлігі бойынша тасымалдай алатынын жете түсіндірді. Егер тіркелмеген жағдайда оларға жауапкершілікті күшейту мақсатында айыппұл тағылатынын ескертті. Сондай-ақ полиция бөлімі қызметкерлері жол-көлік оқиғаларын жасауға әкеп соғатын әрекеттерді болдырмаудың амалдарын егжей-тегжейлі айтып, жадынама парақтарын таратты. Мәселен, жол жүру ережелерін қатаң сақтап, көліктің техникалық жағдайына аса көңіл бөлуді; көлікке сыйымдылығы бойынша 4 адамнан артық отырғызбау секілді қарапайым ережелер адам өміріне қауіп төндірмейтінін жеткізді.
Рейд барысында такси жүргізушілері жұмыс тобының бағыт-бағдарына сәйкес онлайн түрде мемлекеттік кірістер басқармасына жеке кәсіпкер болып тіркелді.
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.