Қазақстан драма театрларының XXVIIІ фестивалі басталды

143

18-23 қазан аралығында Астана қаласында көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық артисі Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ Республикалық фестивалі өтеді.  

«Шолпан Жандарбекова ұлттық театр және кино өнері тарихында өшпес із қалдырған ерекше тұлға. «Абай жолы», «Дала үні», «Махаббат туралы поэма» және басқа да фильмдерде ойнаған. Сондай-ақ театр сахнасында 200-ден астам образды сомдаған әртіс. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық етіп, әртістердің алып шоғырын тәрбиелеп шығарды.

Бүгінгі фестиваль еліміздегі ең ауқымды мәдени жобалардың бірі. Талай талантқа тұғыр болған осынау театр жәрмеңкесін көрермендер асыға күтеді. Жас режиссерлер мен актерлер кәсіби шыңдалып, ал аға буын өз тәжірибесін ортаға салатын фестиваль. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Шығармашылықты шыңдап, ой, тәжірибе алмасатын айтулы театр фестивалі мерекесін ашық деп жариялаймын. Сүйікті көрерменді сахна сиқырына бөлей беріңіздер», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев фестивальдің ашылу салтанатында.

Фестивальге Сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеуден өткен 10 театр қатысады.

  1. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театры, О.Жанайдаров «Жұт».
  2. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Г.Лорка «Оян, қалыңдық».
  3. Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Ш.Айтматов «Боранды бекет».
  4. Федор Михайлович Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, А.Экзюпери «Кішкентай ханзада».
  5. Ақмола облыстық орыс драма театры,А.Чехов «Шағала».
  6. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел».
  7. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, Ш.Мұртаза «Текебұрқақ».
  8. Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, А. Островский «Найзағай».
  9. Түркістан музыкалық драма театры, Е.Аманшаев «Қорқыт».
  10. Республикалық академикалық неміс драма театры, М.Фриш «Андорра».

Фестивальде көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, Ш.Жандарбекова шығармашылық ғұмырынан сыр шертетін көрме, Ерғазы Төлеудің «Шолпан жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.