Ойыннан от шығады: Оқушылар арасында кеңірдектен қысып талдыратын қауіпті ойын белең алған

183

талдыруСурет: түсірілімнен скриншот

Қонаев қаласының тұрғыны баласының мектеп қабырғасында өзге оқушылармен қауіпті ойын ойнап, соның салдарынан зардап шеккенін жеткізді. Оқушылар бірін-бірі тұншықтырып ойнап, есін жоғалтқан ұлы табалдырыққа құлап, 4 тісі түсіп қалған. Анасының айтуынша, бала не үшін құлағанын жасырып, ойын туралы сөз қатпады. Алайда ана не болғанын кейін түсінген.

Ойын ережесі бойынша біреу екінші адамды қабырғаға тіреп, кеудесінен басып, мойнындағы тамырын қысады. Ол есін жоғалтып, талып құлайды да, 10-15 секундтан кейін қайта есін жияды. Мектеп оқушылары мұны қызық көріп, жиі жасап көреді.

“Маған да істеді. Мен бір-екі шапалақтан кейін есімді жидым. Бірақ арасында оянбай қалатындар да болды. Тіпті 103 шақырып, әрең аман алып қалған оқиғалар орын алды. Эйфория болып, көзің қарауытады, есің жоғалады”, – деді Алматы тұрғыны.

Психолог Маржан Еліқұлова мұндай ойындарды қолдамайды. Оның айтуынша, бұл ағзаға да, адамның психологиясына кері әсер етеді.

“Есеңгіреген сәті балаға қызық болып көрінуі мүмкін. Эйфорияға түседі. Бірақ эйфорияға  еліктеуші, тым белсенді балалар түсуге бейім.  Ал үндемей отыратын, психологиялық қысым көрсетуді өзіне мұрсат беретін оқушылар оянбай қалып, түбі жаман нәрсеге әкеп соқтыруы мүмкін”, – деді психолог-маман.

Қоғам қайраткерлері де балалар арасында қатігез ойындардың белең алып бара жатқанына алаңдаулы. 50 жыл ұстаз болған Аягүл Миразова тәрбиенің мектепте де, үйде де ақсап тұрғанын жеткізді.

“Қазір балалардың арасында қатігездіктің түрі шарықтап жатыр. Қазіргі таңда шын мәнісінде ата-аналарға, да ұстаздарға да оңай емес. Жалғыз ойынмен ғана емес, жалпы тәрбиемен күресуіміз керек. Заң қарастыру керек”, – деді ол.

Қатігез ойындардың құрбаны туралы нақты деректер жоқ, статистика жүгізілмейді.

https://stan.kz/oyinnan-ot-shigadi-okushilar-arasinda-kenirdekten-kisip-371856/

Leave A Reply

Your email address will not be published.