ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛҒАН КҮН

109

 

Жыл сайын дəстүрге айналған ұстаздар күні биыл да назардан тыс қалмады. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде  «Ұстаз-ұлы есім!» атты салтанатты жиын өтті. Жиынға барлық ауыл, ауылдық округтерден келген білім беру саласының қызметкерлері, ардагер ұстаздар қатысты.
Салтанатты шараның шымылдығы аудан әкімі Дәуір Дәулетовтың құттықтау сөзімен ашылды.
— Бүгін міне, үлкен мерекеде бас қосып отырмыз. Ұстаз – ұлағатты есім екені баршаңызға мәлім. Жалпы ұлттың, болашақтың қалыптасуы үшін олардың еңбегі зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына, ұстаздардың еңбегіне айрықша көңіл бөліп келеді. Оған дәлел жыл сайын материалдық-техникалық базаның жаңаруымен қатар, ұстаздардың мәртебесін, материалдық жағдайын көтеру үшін елеулі жұмыстар атқарылуда. Жалпы, бүгінгі таңда ауданымыздың ұстаздары, барлық өтіп жатқан қоғамдық, саяси іс-шараларға белсене атсалысып, білім мен тәрбие беруде облыстық, республикалық білім сайыстарында елеулі жетістіктерге қол жеткізуде. Ұлттық бірыңғай тестілеу, Қазақстан бойынша ұйымдастырылып отырған олимпиадаларда үздік үштіктің қатарында келеміз. Бұл ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан да бүгінгі жиылған барша ұстаздарды мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, алдағы күндеріңізге сәттілік пен табыс тілеймін, -деп ақ тілегін білдірді Дәуір Рысбайұлы.
Құттықтау сөзден соң іс-шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Мұнда Т.Ақбозов атындағы орта мектебінің  математика  пәнінің мұғалімі Марат Өзбеков Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бахыткүл Жансүгірова, №1 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі Жұмағали Мәдімаров, Жамбыл атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Темірбек Атаев, №6 орта мектебінің директоры Құралай Үкібаева, Н.Ақшабаев атындағы орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Толқын Шомаева, «Гүлсім» балабақшасының меңгерушісі Гульсун Ешеева, №1 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Гульнара Айтымбетоваларға облыс әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы табыс етілді.

Сондай-ақ облыс әкімдігі білім басқармасының Алғыс хаттары, Байзақ ауданы әкімінің Грамотасы, Алғыс хаты, Байзақ ауданы мәслихатының Құрмет грамотасымен бірқатар ұстаздар марапатталды.
Кеш соңы аудандық Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі мен Балалар мен жасөспірімдер орталығы оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Арайлым НАРБАТЫРОВА.

Leave A Reply

Your email address will not be published.