Тараздықтар қала күнін атап өтті

189
Тараз қаласының күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде кең көлемде тойланды. Шараға еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары және жергілікті өнерпаздар қатысты.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тараздықтар мен қала қонақтарын мерекемен құттықтады.

—  Бүгін барша тараздықтар мен қонақтар үшін дәстүрге айналған салтанатты күн. Қаламыздың өткен өнегесі мен жарқын бүгінін айшықтайтын мерейлі мереке.

2000 жылдан астам тарихы бар Тараз – тек еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі.

Жуырда ғана Киелі Әулиеата жерінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі өтіп, Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енуінің куәсі болдық.

Тарихи Тараз – бұл тізімге енген еліміздегі алғашқы қала.

Сүйікті қаламыз күн өткен сайын көз алдымызда көркейіп, үйлер, жолдар салынып, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Айталық, ағымдағы жыл соңына дейін 40 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Жыл сайын жаңа әлеуметтік нысандар ашылып жатқандығы соның айғағы.

Баршаңызды қала күнімен құттықтай отырып, денсаулық, бақыт, бейбіт тіршілік тілеймін. Шырайлы шаһарымыздың ажары арта берсін!  – деп тілегін білдірді облыс басшысы.

Салтанатты шара барысында Нұржан Нұржігітов 5 көпбалалы анаға «Алтын алқа» марапатын табыстады.

— Облыс басшылығына үнемі көңіл бөліп, қамқорлық білдіріп отырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді.  Мемлекеттің қолдауының арқасында баспаналы болып, тұрмысымыз түзелуде, – дейді көпбалалы ана Нұргүл Дәулеталиева.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қаланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік шара белгілі қазақ эстрадасының жұлдыздары Төреғали Төреәлі мен Садраддиннің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.  Кеште К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері де өнер көрсетті.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.