«Ұлы дала жорығы»: үшінші күннің нәтижесі қандай?

74

Кеше, 20 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының үшінші кезеңінде шабандоздар 300 шақырым межені жүріп өтіп, Қарағанды облысы Шұбаркөл ауылдық округіне аялдады.

Үшінші күннің қорытындысы бойынша, Баршыннан шыққан 14 команданың арасында Маңғыстау командасы 27 сағат 19 минутта алғашқы болып жетсе, ізін ала Шымкент командасы белгіленген межені 27 сағат 40 минутта басып өтті. Үшінші болып келе жатқан Ақтөбе шабандоздарының үш күндік көрсеткіші – 27 сағат 49 минут. Қарағанды облысының командасы жүйріктерінің болдырып қалуына байланысты жарыстан шығып қалды.

«Ұлы дала жорығы»: үшінші күннің нәтижесі қандай?

Айта кету керек, додадан шығып қалған кейбір командадағы шабандоздар жарысты жеке-дара жалғастырып, Түркістандағы соңғы межеге жетуге ниетті. Ереже бойынша, жүлделі орынға ие болу үшін әр командада кемі үш шабандоз болуы керек.

Үш күн бойғы тоқтаусыз жүрістен жолсоқты болып шаршаған аттылы марафоншыларды Шұбаркөл ауылының іргесінде орын тепкен көшпелі шатырлы қалашық күтіп алды. Қарағанды қаласының солтүстік-батысында 160 шақырым жерде орналасқан кішкентай ауыл Үлкен Құндызды өзені сағасына орын тепкен.

«Ұлы дала жорығы»: үшінші күннің нәтижесі қандай?

Бұл орайда, «The Great Steppe Tour» ұйымдастыру алқасының мүшесі Ғани Дүйшенов жарыс сыртындағы қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұйымдастыру жұмыстарының барысы туралы әңгімелеп берді.

«Үшінші күнді аяқтап, барлық қатысушылар қонуға келіп жатыр. Жарыстан бөлек сахна сыртында қаншама жұмыс бар. Ұйымдастыру жұмыстарына 35 техника тартылды. Асханада 15 аспаз жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек 15 ұйымдастырушы, 30 жұмысшы бар. Олар 200 адамға арналған шатырды әр 100 шақырым сайын құрып, шағын ауыл қондырады. Ал ас-су ішіп, аялдайтын шатырды әр 50 шақырым сайын құрып, қайта жинап кезектестіріп отырады. Алғашқы күндері білінбегенімен, жолдың қиындығына байланысты үшінші кезең қиынға соқты. Жолға асфальт төселген болса, шатырлар мен құрал-жабдықты, азық-түлікті тиеген көліктерге жылдамырақ қозғалуға болар еді. Осы шатырлы қалашық орналасатын жерді алдын ала тегістеп, жарықтандыруға көмектесіп жатқан жергілікті азаматтарға ерекше алғыс білдіремін», – деді Ғани Дүйшенов.

Ол сапар кезіндегі негізгі қиындық ретінде жолдың алыстығы мен техникалардың сынуы, сондай-ақ ауыз су мен жанармай мәселесі бірінші орында тұрғанын атап өтті.

«Алдағы уақытта кем-кетігін ескереміз деген ойдамыз. Қазір қолда бар жеке қаражатпен осынша ауқымды жұмысты ұйымдастырып отырмыз. Түркістан қаласына дейін жетеміз деген сенім бар. Оңай емес, бірақ алған беттен таймаймыз. Осынша алыс қашықтыққа тәуекел еткен шабандоздарға сабыр, шыдам керек. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деген. Жігіттермен қатар қыздар да еріп келеді. Күнде кешкісін жиналыс өткізіп, келер күннің жоспарын құрамыз», – дейді ұйымдастыру алқасының мүшесі Ғ.Дүйшенов.

Айтуынша, шатырда қызмет көрсетіп жүрген жұмысшылар таңғы бесте дайындық жұмыстарына кірісіп, түн жарымына дейін тоқтаусыз жұмыс істейді.

«Ұйымдастырушылар мен жұмысшылар күніне 3-4 сағат қана демалады. Қалған уақытта үздіксіз жұмыс. Яғни, марафонға қатысушыларға жағдай жасау, жарысты жоғары деңгейде өткізу – негізгі міндет», – деп қосты ол.

Ал Ақтөбе облысы «Бәйге» федерациясының директоры әрі Ақтөбе құрама командасының жетекшісі Азат Жүкен атқұмар қауымның мұндай аламан жарысты 20 жыл күткенін атап өтті.

«Ұлы дала жорығы»: үшінші күннің нәтижесі қандай?

«Өзім 10 жасымнан атқа мініп келемін. 2004 жылдан бастап осындай 300-400 шақырымдық жорықтарға шығып жүрдік. Ақтөбе облысындағы 4 ауданды атпен аралайтынбыз. Бүгінгі марафон-бәйгеде сол аттардың тұқымы сынға түсіп жатыр. Осындай ұзақ қашыққа бәйгелер болса екен деп армандадық. Аңшылық бітіп, аттар қалжырап қалғанда, бір-бірімізбен жарысатынбыз. 600 шақырымдық бәйгеге жабы аттары өте шыдамды. Өзге командалардың құрамында ағылшын аттары бар. Оларға қиын, көбі аяқтан қалып жатыр. Біздің аттар тасты өңірге келгенде іркіліп қалуы мүмкін. Сол үшін Ұлытаудан аман-есен өтіп кетсек деп отырмыз. Оның үстіне жылқыларымыз оңтүстіктің ыстығын көрмеген. Сол үшін шабандоздарымыз қатты шаппай, баяу келе жатыр. Ақтөбе құрамасында Ақбөкен атты сәйгүлігіміз бар. 30-40 шақырымдық бәйгелерде жүлделі орынға ие болған. Ұзақ жүріске шыдамды жылқышылардың аттарын алып келдік. Біз бұл жарысқа дейін 60 атпен 400 шақырымдық жорыққа шығып келген едік. Осы жобаны естіген бетте аттарды ешқайда жібермей, ішінен мықтыларын сұрыптадық. Жалпы дайындығымыз жоғары. Шабандоздарымыздың салмағы жеңіл, 15 жылдан бері ат үстінде жүрген жігіттер. Әрқайсысы осы уақытқа дейін 15 көлік ұтқан. Қазір атбегі болып жүр. Шабандоздарымызды тек жеңіс тұғырынан көресіздер!», – деді Азат Жүкен.

«Ұлы дала жорығы»: үшінші күннің нәтижесі қандай?

Қарағанды облысындағы межелі 400 шақырымды басып өткенше марафоншыларға қолдау білдіріп жүрген Нұра ауданының орталығы Нұра кентінің әкімдігі орын-жайдың барынша қауіпсіз болуына жағдай жасапты.

Нұра кентінің әкімі Мұратбек Тұрарбекұлы осы өлкенің тыныс-тіршілігі туралы кеңінен әңгімелей отырып, топырағы құнарлы, суы мол, жазық далалы болып келетін аймақтың мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту бағытына бұрылғанын атап өтті. Қазір Нұра кентінде 6 мыңға жуық халық бар.

«Бүгінде Нұра өңірі миллиондаған пұт өнім өндірілетін облыстағы, қала берді елдегі астықты аудандардың бірі қатарында. Нұра ауданы Қарағанды облысының батысында орналасқан, қойнауы пайдалы қазбаларға өте бай жер. Оның тарихы кем дегенде 1903 жылдардан баситау алады», – дейді кент басшысы.

Расында да Шұбаркөл аймағына аяқ басқанда ең бірінші көретініңіз – көмір артқан КамАЗ көліктері. Ал осы аймақтағы «Шұбаркөл көмір» АҚ Қазақстандағы ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі саналады.

Ал «Сарыөзек» шаруа қожалығының басшысы, өлкетанушы Рамазан Мұқатайұлы өңір тарихынан сыр шертті. Кәсіпкердің 250-ге тарта ақ бас сиыры мен 300-ден аса жылқысы бар.

«Теңіз өңірі негізі Ақмола облысы Қорғалжың ауданының жайлауы болған. 1985 жылы Шұбаркөл кен құбырының ашылуына байланысты Теңіз ауданы Қарағанды облысының құрамына кірді. Баршынның ар жағындағы тұзды көлге байланысты өңір Теңіз деп аталып кеткен. 1977 жылы наурыз айынан 1988 жылға дейін Теңіз аудан болды. 1997 жылы 23 мамырда қысқартуға ілігіп, Теңіз ауданы Нұра ауданына қосылды», – дейді Рамазан Мұқатайұлы.

Өлке тарихын бес саусақтай білетін Р.Мұқатайұлы атақты әнші Рабиға Есімжанованың осы Талдысайдың тумасы екенін сөз арасында айтып қалды.

«Тікенекті ауылында жаугершілік заманда Кенесарының кеңесшісі болған Мөңке әулие жерленген. Сонымен қатар қорықшы Дәулет Мықтыбаевтың әкесінің де мазары осы жерде», – деді Рамазан Мұқатайұлы.

Айта кетейік, бүгін марафоншылар Шұбаркөлден аттанып, төртінші кезең айналымына жолға шықты. Шабандоздар бүгін кешке дейін кезекті 100 шақырымды атпен басып өтіп, Ұлытау облысы аумағына ат басын тірейді.

https://turkystan.kz/article/197283-uly-dala-zhorygy-ushinshi-kunnin-netizhesi-kanday/

Leave A Reply

Your email address will not be published.