«Ауыл Аманаты» партиялық жобасы аясында құрылған топ Жамбылға келді

114

Бүгінгі күні тұрғындардың табысын арттыру мәселесі өте өзекті. Сондықтан ел Үкіметі 2019 жылы біздің өңірден пилоттық режимде бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын» арттыру жобасын ел бойынша іске асыруды қолға алды. Осы орайда, Үкімет пен партияның бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы бастау алған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру және мамандануына сеп болу, жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Аталған жобаны ел тұрғындарына кеңінен түсіндіру мақсатында партияның мобильдік топтары өңір-өңірлердегі ауылдарды аралауда.
Ақпараттық марафон Жамбыл облысына табан тіреді. Топ өңірдегі алғашқы жұмысын Жуалы ауданынан бастап, Жетітөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуларда ауыл тұрғындарына жобаның мақсаты мен алу жолдары кеңінен түсіндірілді.
– Бұған дейін кооператив құру үшін жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою және белгіленген адам санын жинау міндетті болса, бұл жобада небәрі 5 АЕК көлемінде жарна төлеп, тіпті 3 адамнан құруға мүмкіндік бар. Бүгінгі таңдағы өзгеріс – жеке тұлғаларға аса мән берілуінде. Жаңа кәсіп иелеріне үлкен көмек. Бағдарлама аясында субсидиялар алу, кәсіпкер өнімін дүкен сөрелерінде орналастыруға дейін қаралады. Шалғай ауыл халқымен кездесулерде берілген кеңестердің бірі – ауыл әкімдерімен тығыз байланыста болып, өз ұсыныстарын білдіру. Сонда жобаға өзгеріс енгізу барысында алдымен халықтың сұраныс-тілегі сараланады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары ауылдарға өздері барып, құжаттарды жинақтауға көмектеседі. Яғни орталыққа барып сабылуға қажеттілік туындамайды. Сондықтан бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді, – дейді коуч-тренер Ұланбек Нұрманов.
Сондай-ақ осы уақытқа дейін жоба сәтті жүзеге асқан ауыл әкімдері тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, 2019 жылы жобаға енген Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ғалым Жақыпбеков 191 тұрғын 224 миллион теңге несие алғанын жеткізді. Ауыл әкімі жобаға дейін 98 азамат мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек алса, қазіргі таңда тек 8 азамат қана аталған көмекті алуға өтініш берген. Сонымен қатар Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Рахымқазы Куньязов жобаға енген ауылдардың орташа айлық табысы 85 мың теңгеден 120 теңгеге дейін өскенін атап өтті.
– Ауыл тұрғындары үшін жоба өте тиімді. Себебі, ешқандай екінші деңгейлі банктер 2,5 пайызбен несие бермейді. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілетін несие өте қолайлы. Мұндағы басты талап берілген қаржы мақсатты жұмсаулы қажет. Мәселен, ауданда 19 түрлі әлеуметтік тауардың 11 өндіріледі екен. Жоба арқылы біз 19 түрлі тауардың барлығын өндіруге қауқарымыз бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Р.Куньязов.
Өз кезегінде тұрғындар да жоба арқылы несие алуға талпынып отырғандарын білдірді. Мобильдік топ мүшелеріне сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
– Тұрмыстық табысты арттыруға бағытталған жоба ауданның 2 ауылдық округінде берілді. Сол кезде біздің де ауыл тізімге енсе деген іштей тілегіміз болды. Енді міне келер жылы несие алуға мүмкіндік туып отыр. Ауылға келген «AMANAT» партиясының ақпарат тобына алғысымыз шексіз. Ауылдастарымызға жоба туралы маңызды ақпараттар берді, – дейді Кәріқорған ауылының тұрғыны Ұлжалғас Мырзалимова.
Өз кезегінде мобильді топ мүшелері жеңілдетілген несие алуда тұрғындарға қойылатын талаптарды айтып, қазірден үйлерінің құжаттарын қазірден реттеп қою керектігі туралы ескертпелерін жеткізді. Ашығын айту керек, несиені рәсімдеуде осы үй құжаттарындағы қателіктер кедергі болады екен. Сондықтан тұрғындар қазірден тиісті органдарға барып, құжаттарының дұрыстығына көз жеткізуі қажет. Себебі, келер жылдан бастап аталған ауылдық округке несие беріле бастайды.
Келесі кезекте моблильді топ Жамбыл ауданының Ащыбұлақ және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Мұнда да топ мүшелері ауыл халқына жоба аясында кеңестерін беріп, тұрғындармен пікірлесті. Тұрмыстық табысты арттыруға бағытталған жоба туралы хабардар болған тұрғындар сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Айта кетерлігі, жоба туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 28 шілдеде бастау алды. Осы уақытқа дейін еліміздің 8 облысын аралаған мобильді топ 148 ауылдық округті аралап үлгерді. Түркістан облысынан кейін біздің өңірге табан тіреген мобильді топ 20-25 тамыз аралығында 20 ауыл және ауылдық округ тұрғындарымен кездесулері жоспарлануда.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.