Таразда қатаң режимдегі түзеу мекемесінде Нельсон Мандела күні аталып өтті

352

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінде халықаралық Нельсон Мандела күніне орай арнайы жиын өтті. Мекеменің тәрбие бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған басқосуға жазасын өтеушілер де қатысып, адамның тең құқықтарымен демократиялық құндылықтар жолында күрескен Н.Мандела туралы мәліметтерге қанықты.

Н. Мандела апартеидке қарсы, адам құқықтарын таптайтын саяси режимге, сондай билікке қарсы күрескен. Сол жолда түрмеге де түсті. 27 жыл өмірін түрмеде өткізген. Соның жартысынан астамында жалғыз адамдық камерада отырған!

Соңында бəрібір жеңіп шықты! 1990-жылы түрмеден босатылды. Осылайша ол ендігі бостандықта жүріп, демократиялық құндылықтарды іске асыруды жалғастыра түседі.
1993-жылы Нобель сыйлығына ие болады. 1994-жылы болса, ОАР-да алғаш рет демократиялық негізде өткен Президент сайлауында жеңіске жетеді. Ондаған жылдар бойы жүрген апартеид саясаты да тыйылады.

Осылайша, саяси демократияны аяқасты еткен, апартеидті қолдаған бұрынғы билік кезінде “қылмыскер” саналған Н. Мандела 5 жыл президент болып, сол уақыт ішінде 14 жасқа дейін тегін міндетті білім беру, жүкті әйелдер мен балалар үшін тегін медициналық көмек, жəрдемақы төлеудегі теңдік, əділ еңбек қатынастарын қалыптастыру т.б. бағыттарда реформа жасаған. Экономикалық бағытта да үлкен өзгеріс жүргізеді.

Мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Әлібек Алдыяровтың айтуынша, Н.Манделаның адамзатқа ортақ құндылықтар, саяси демократия, адами теңдік жолындағы ондаған жылдар бойғы күресі нәтижелі болуымен қатар сотталған азаматтардың түзелу жолына түсуіне ықпал етеді. Себебі, дәл осындай басқосулар жазасын өтеушілердің келер күннен үмітін үзбей, қиындыққа мойымауға баулиды дейді әділет майоры.

Әбдуғани Құдайқұлов,
ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысын жүргізу бөлімінің бастығы әділет капитаны

Leave A Reply

Your email address will not be published.