Майдангердің ұрпақтарына кешіккен наградасы табысталды

188

Жеңіс күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында майдангер, ҰОС ардагері Рахымберді Досмұхамбетовтың немересі Бауыржан Досмұхамбетовке «Александр Невский» орденін табыстады.
Алдымен шараға қатысқандар қан майданда ажал құшқан сарбаздардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланды.
— Ұлы Отан соғысы ең сұрапыл шайқастардың бірі болып тарихта қалады. Қан майдандағы жеңіске үлес қосқан қазақстандықтар аз емес. Кеңес одағы батыры атанғандардың ішінде Әулиеата жерінен шыққан 20 жерлесіміз бар. Сол кездері Александр Невский ордені де берілген. Өте сирек табысталатын марапатқа жерлесіміз Рахымберді Досмұхамбетов ие болған еді. Оның майдан шебінде көрсеткен ерлігі баршаға үлгі-өнеге. Кезінде жоғалған орденді немересіне табыстау мен үшін үлкен құрмет,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
— Атамыздың орденіне қатысты материалдарды іздестіріп, ат салысқан барша азаматтарға әулетіміздің атынан рахмет айтамын. Бабаларымыз қанын төгіп, Отанын қорғаған. Бізге аманат етіп берген жерді көздің қарашығындай сақтау біздің міндетіміз,- деді Бауыржан Досмұхамбетов.
Жарты ғасыр бойы Румынияның астанасы Бухарест мұражайында сақталған марапат 77 жыл өткен соң Қазақстанға жеткізіліп, иесін тапты.
Рахымберді Досмұхамбетов 1920 жылы Жамбыл облысы, Ақжар (қазіргі Жасөркен) ауылында дүниеге келген. 19 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, 1940-1944 жылдары ұрыс даласында қызмет атқарған. Ерекше ерлігімен көзге түсіп, бүтін бір батальонды басқарып, аға лейтенант әскери шенін иеленген. 28-ші Невель атқыштар дивизиясының 88-ші полкінінің атқыштар ротасының командиры болған.
Бүгінде марапат иесін тауып отыр. Мұрағаттық құжаттар ішінен «Александр Невский» орденінің қосымшасы мен орден кітапшасы. Дәрежесі жоғары орденмен Қазақ КСР-інде туған Рахымберді Досмұхамбетов марапатталған екен. Алайда орден жарты ғасыр бойы Румыния астанасы Бухарест музейінде сақталған.
Жазбада жауынгердің жанкештілігі, өмір жолы туралы да тың деректер келтірілген.
Рахымберді Досмұхамбетов Пахомово деревнясы үшін неміс басқыншыларымен болған шайқаста жеті жауынгерімен бірге шабуылға бірінші болып кіріп 9 жауды жайратқан. Жараланғанына қарамастан майдан даласын тастамай, ұрысты жалғастырған. Өзінің жағдайы ауыр болса да жараланған капитан Моисеевті шайқас алаңынан арқалап алып шығып, жауынгерлік міндетіне адалдық танытқан.
Осы ерлігі үшін Рахымберді Досмұхамбетов 1944 жылдың 6 ақпанында Александр Невский орденімен марапатталған. Алайда, ауыр жарақаттанған командир жарты жыл госпитальде жатып марапаттары мен құжаттарын жоғалтып алған екен.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.