Шаһардың бас басылымы – «Jambyl-Taraz» газетіне 25 жыл!

233

Биыл көне шаһар тұрғындарының көзі, құлағы һәм тілі бола білген қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің жарық көре бастағынан 25 жыл. Ширек ғасыр шеңберінде аталмыш басылым облыс орталығының бас жылнамасына айнала білді. Осы мерейтойға орай, шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев басылым ұжымыны қабылдап, мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты шарада Айтқазы Дәулетқұлұлы газеттің мерекесі – баршаға ортақ мереке екенін тілге тиек етіп, өздеріне артылған сенім мен жауапкершілік жүгін абыройлы арқақалап келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ басылымның бүгінгі ұстанған бағыт-бағдарына көңілі толатынын білдіріп, газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
– Қалалық «Jambyl-Taraz» газеті тәуелсіздік алып, елдің енді ғана еңсе түзеп келе жатқан уақытында алғаш рет жарық көре бастады. Сол уақыттан бері газет ұстанған бағыты мен бағдарынан айныған емес. Әрі сол уақыттан бері қаланың тыныс-тіршілігі газет бетінен түскен емес. Шаһардың бас үнпарағы – облыстың ақпарат айдынында өзіндік орны, қайталанбас қолтаңбасы бар. Алдағы уақытта да газет бүгінгі шыққан биігінен аласармайтынына сенім мол, – деген А.Қарабалаев газеттің 10 жылдығында сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің өзі арнайы құттықтап барғанын еске салды. Мұнан соң ол паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина мен газеттің бірқатар қызметкерлерін қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Келесі кезекте қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев сөз алып, басылымның уақыт өткен сайын заман талабына көркемделіп келе жатқанын атап өтіп, бірнеше журналистке Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Олжас Нұрекенов газеттің қазіргі таңда көтеріп жүрген мәселелері мен кескін-келбетіне көңілі толатынын білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ ол аймақ басшысының алғыс хатын газеттің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, орынбасары Бекнұр Сатыбалдиевке табыс етті.
Салтанатты шарада облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының БАҚ-пен жұмыс бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов, Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Семейхан Сексенбаев, «Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Ештаевалар басылым ұжымын құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ облыстық «ARAI» газетінің редакторы, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төлендіұлы газет ұжымын мерейтойларымен құттықтап, бірқатар журналистерге ҚР Жазушылар одағының Құрмет Грамоталары мен Алғыс хатын табыс етті.
Шарада газеттің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали сөз алып, басылымның 25 жыл ғұмырында қаламы қарымды журналистердің еңбек еткенін тілге тиек етті. Бұдан өзге басылым әлеуметтік жобалардан бөлек рухани жобаларды да жүзеге асырып жүргенін атап өтіп, бастамаларын Ресей, Қырғызстанның басылымдары да жарыса жазғанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар газетті әрдайым қолдайтын қала әкімдігіне алғысын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.