Қазақстандағы жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру жолдары

322

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқатын және азаматтық қоғамды қалыптастырудың міндетті шарттарының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы – бұл мемлекет институттары мен азаматтық қоғамның дамуымен, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы деңгейімен, жергілікті халықтың өміріне тікелей әсер ететін басқа да факторлармен және жағдайлармен байланысты көп кезеңді және серпінді процесс.
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2015-2020 жылдары селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін екі кезеңмен енгізу жоспарланып, бірінші кезеңмен адам саны 2 мыңнан асатын әкімшілік-аумақтық бірліктерде 2018 жылы (1066 бюджет), ал II кезеңмен адам саны 2 мыңға дейінгі әкімшілік-аумақтық бірліктерде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап (1376 бюджет) барлық өңірлерде енгізілді.
Жамбыл облысында 2018 жылы 114, 2020 жылдың 1қаңтарынан 42 жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіліп, бүгінгі таңда, 156 ауылдық округ дербес бюджетпен жұмыс жасауда.
Бұған дейін селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде әкімдерінің аппараттары қалыптасқан, олардың дербес бюджеті болмаған, бірақ бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылған. Аталмыш шығыстар аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында қарастырылып, оларды тиісті мәслихаттар бекітін. Бұл шығыстар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беруді жүзеге асыруға, мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсетуге, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға, шаруашылық есепке алуға және т.б. бағытталған.
Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктеліп, бірақ олар қаржымен қалдық қағидаты бойынша қамтамасыз етіліп келді. Нәтижесінде бұл әкімдер жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуде қабілетсіз, осылайша халық тарапынан объективті наразылық туындайтын.
Ауылдық деңгейдегі әкімдердің жүктелген функцияларды жүзеге асыруы кезінде олардың жеткіліксіз дербестігін айқындайтын негізгі проблемалық сәттердің бірі дербес қаржы қаражатын, мүлікті және басқа да ресурстық мүмкіндіктерді иелену және оларға билік ету құқығының шектелуі болып табылады.
Ауыл әкімдерінің шаруашылық және әлеуметтік салаларда шешімдер қабылдаудағы қолда бар жергілікті ресурстарды – жер, мүлікті қалай пайдалануға болатындығы, шағын және орта бизнестің өсуіне нақты жәрдемдесу мәселелерін шешу қажет.
Жергілікті өзін-өзі бсқару бюджетінің кіріс көздері Бюджет кодексінің 52-1 бабына сәйкес, біріншіден, салықтық түсімдерден — жеке тұлғалардың төлем көзінен салық салынбайтын кірістері бойынша жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын, елдi мекендер жерлерiне салынатын жер салығы, жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік құралдары салығы, сыртқы (көрнекі) жарнама түсімдерден, екіншіден, cалықтық емес түсімдерден – айыппұлдар, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігінен түсетін кірістер, мүлкін жалға беруден түсетін кірістер басқа да салықтық емес түсімдерден және де мемлекеттік мүлікті сатудан түсетін түсімдер және трансферттерден (субвенсиялар және бюджеттік алып қоюлар, ағымдағы трансферттер) тұрады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттерінің шығыстары Бюджет кодексінің 56-1 бабында көрсетілген 19 бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың ұйымдастырушылық, құқықтық және экономикалық негіздерін айқындау мақсатында:
1) жергілікті маңызы бар мәселелерді халықтың дербес шешуі;
2) елді мекендердің барлық тұрғындары құқықтарының заңдылығын, теңдігі мен заңды мүдделерінің ескерілуі;
3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде тұратын халық мүддесін тікелей қозғайтын мәселелерді шешу кезінде азаматтар пікірінің жариялылығы және есепке алынуы;
4) жергілікті мәселелерді шешу барысында жалпы мемлекеттік мүдделерді сақтау;
5) мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге қатысуы;
6) төменгі тұрған орган Конституцияға, заңдарға, Мемлекет басшысының және Үкіметтің актілеріне қайшы келетін іс-әрекетке жол берген, тиімді басқаруға өзінің қабілетсіздігін танытқан жағдайларда ғана жоғары тұрған басқару органының оның іс-қимылына араласуы және мұндай араласу заңды және орынды болып есептелген жағдайда, белгілі бір шарттардың болуы кезінде жол берілетіні негізделген біртұтастық қағидаты;
7) жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытудың кешенділігі, кезеңділігі;
8) жергілікті өзін-өзі басқаруды мемлекет тарапынан қолдау;
9) жергілікті өзін-өзі басқару органдар қызметінің ашықтығы, олардың халықтың бақылауында болуы және оған есеп беруі тиіс.
Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту саясатын іске асыру процесі кешенділігімен де, қойылған міндеттерді шешудің белгілі бір кезеңділігімен, сондай-ақ іске асырудың тиісті кезеңінде саясаттың басым бағыттарын айқындау қажеттілігімен сипатталады.

Ж. Қасымова,

Жамбыл облысы бойынша
қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.