Қазақстан мен Түркия президенттері бауырлас елдер арасындағы диалогты тереңдету мәселелерін талқылады

1 374

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының басшысы Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Ердоғанды Түркия Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. Елбасы Түркия басшысының осы сайлаудағы жеңісі түрік халқының оның жүргізіп отырған саясатына қолдау көрсеткенінің айқын дәлелі екенін атап өтті.

Режеп Ердоған Қазақстан Президентіне ризашылық білдіре отырып, сайлаудың демократия қағидаттарына сай, халықтың жаппай қатысуымен өткенін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшылары бауырлас екі ел арасындағы сындарлы диалогты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасының Президенті лауазымына сайлануына байланысты Режеп Тайип Ердоғанға құттықтау жеделхатын жолдағаны бұған дейін хабарланған болатын.

«Сайлау нәтижелері түрік халқының Сіздің ел басшысы лауазымындағы қызметіңізді жоғары бағалап, жүргізіп отырған саяси және экономикалық реформаларыңызға, сондай-ақ дамудың стратегиялық бағыттарына шынайы қолдау білдіргенін көрсетті. Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара құрмет пен бауырластыққа негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынас екі халықтың мүдделеріне қызмет етіп, болашақта біздің стратегиялық әріптестігіміз сапалы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін, — делінген жеделхатта.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.