Жамбылдық әкімдер есеп беруде. Нені ескеру қажет?

542

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласы мен Талас ауданы әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындарына қатысты. Бұрындары мұндай қорытынды жиындар ұзын-сонар баяндама, баяндамашыға баға беру, мадақ-мақтауға жалғасып, үш-төрт сағатсыз бітпейтін. Залдағылар қалғып-мүлгіп отыратын. Соңғы екі жылда жаңа формат енгізілген. Ал биыл тіптен жүйелене түсті. Басқа жақты қайдам, біздің облыста солай өтіп жатыр. Қала, аудан әкімдеріне баяндамаға бар болғаны 10 минут берілді. Қалған уақыт тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды.
Тараз қаласы мен Талас ауданында атқарылған жүмыстар жетерлік екен. Оның барлығы жергілікті БАҚ жариялана жатар. Менің айтпағым, осы есептік кездесулердегі облыс әкімі көтерген екі ерекше мәселе. Асқар Исабекұлының айтуынша баяндамашылар тек өткен жылы атқарылған жұмыстарын тізіп шығумен шектеледі. Яғни биылғы жылдың жоспарын талдап, тарқатып айту жоқ. «Өткен жыл өтті. Жасалған жұмыстарға, әрине алғыс. Бірақ оны айта беруден не ұтамыз? Оданда елге биыл атқарылатын, жүзеге асырылатын, күрмеуі шешілетін мәселелер маңызды емес пе?»дейді әкім. Мәселен жыл бойы әлеуметтік желі болсын, қоғамдық қабылдауларда болсын: — көшемде жол жоқ, ауылда су жоқ, жарық қашан беріледі, аялдама қашан соғылады деген сияқты көптеген сауалдар күн сайын келіп жатады. Сондықтан қала, аудан басшылары осындай есептік жиында биылғы атқаратын жұмыстарын тізіп шығулары тиіс. Құр тізбей оны барша жұртқа жариялауы міндетті. Яғни биыл пәленше көшеге жол төселеді, түген ауылға су беріледі, мұнша мектеп салынады т.с.с жұмыстарды ашып айту керек. Оған қоса бұл жұмыстарға бюджеттен мұнша қаражатымыз бар. Одан басқаға биыл шама келмейді. Ал кейбір жобалар көп қаржыны талап ететіндіктен кезең-кезеңге бөлінген тағы екі-үш жылды қажет етеді дегенді толыққанды түсіндірулері керек. Сонда ғана жергілікті тұрғындар өз аймағындағы атқарылатын жұмыстарды біліп, сауалдарын да сирексітеді. Ал әкімдер келер жылдың есебінде осы берген уәделерінің қаншалықты орындалғанын халық алдында баяндайды. Орындаса оң баға алады, орындамаса орынды босатады! Бүгінгі жиында облыс басшысы осындай жаңа талап қойды.
Екіншіден, аудан басшылары тұрғындарға жауап бергенде облыстан ақша сұрадық, құжаттарды жібердік, келісім күтіп отырмыз, қолдау тапса жасалады деген сырғытпа жауапқа әдеттенгендей. Бұл да дұрыс емес дейді өңір басшысы. Жергілікті басшылар өз деңгейінде дербес шешім қабылдауға, мәселені шешуге, ұйымдастыруға, жолын тауып жүйесін жасауға үйренулері керек. Облысқа сілтей салып қарап отырмай, барды ұқсата білуге ұмтылуын ерекше ескертті. Себебі облыстан-аудандарға түрлі бағдарламаларға бөлінген кейбір қаржылар толық игерілмей, нақты жобалар ұсынылмай, несие-гранттар қажетінше үлестірілмей қаражат қайтып жатады. Яғни берілген ақшаны барынша игермей жатып, қаржы жетпейді деген сылтау саналмайды.
Тараз бен Талас әкімдерінің есебіне қатысқан өңір басшысы осындай ескертулер жасады. Құр ескертпей мәселені қалай шешу керектігін, жолдары мен жүйесін жақсылап түсіндірді. Одан кейін тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.

Жасұлан Әбдіхалықтың Facbook-тегі парақшасынан алынды

Leave A Reply

Your email address will not be published.