Ынталанған ырысқа кенеледі

1 292

Жуырда облысымызға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым жұмыс сапарымен келді.

Федерация төрағасы әуелі «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде болып, оның мүше­ле­рі­мен кездесті. Басқосуда Бақытжан Әбдірайым бұл жүздесудің маңыздылығына тоқталып, жуырда ғана тағайындалған «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергеннің жұмысына табыс тіледі.
Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде студенттермен дидарласқан Бақытжан Жарылқасынұлы пайымды пікірлерін ортаға салып, жастардың талап-тілектеріне құлақ түрді.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын студенттер арасында насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал, Бақытжан Жарылқасынұлы өз сөзінде Жолдау жүктеген міндеттерге басымдық бере отырып, жастарды ғылым-білімге құлаш сермеуге шақырды.

– Білім мен ғылымға жақын, еңбекқор, жұмысына жауапты азаматтарға төртінші өнеркәсіптік революция үлкен мүмкіндік береді. Ал, жалқауға, еріншекке, кәсіби деңгейін өсіруге ынтасы жоқтарға қиындық туғызады. Себебі, өнеркәсіптік төңкеріс көз алдымызда жүріп жатыр. Бұл үдерісте ең алдымен жұмыссыздық пайда болады. Кімдер жұмыссыз қалады? Әлгіндей кәсіби деңгейін өсірмейтін, жаңа технологияны үйренбейтін, оқу мен кәсіпке құлқы жоқ жандарға айтарлықтай тұсау салады. Міне, сондықтан, алдымызда мүмкіндіктер мен қиындықтар қатар келе жатыр. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, цифрландыру өнеркәсіп пен кәсіпорындардағы жұмыс орнын азайтады. Бірақ, өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Бұл мемлекеттің экономикасы үшін өте пайдалы әрі қажетті даму үрдісі болмақ. Өйткені, әлем елдері де осы бағытпен келеді. Сол себепті жергілікті кәсіподақ ұйымдарының алдында аталған мәселелерді еңбек ұжымдарына жан-жақты түсіндіру міндеті тұр.

Бүгінде мемлекет тарапынан жаңа мамандық алу үшін барлық жағдай жасалған. Оқимын, қосымша мамандық аламын десеңіз, жергілікті әкімдік арнайы семинарлар мен курстарды тегін өткізеді. Сол арқылы өз өңіріңізге қажетті жаңа мамандық алуға болады. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық мектептерде білім тегін беріледі. Олар даярлайтын мамандықтар барлық мекемеге қажет. Әлбетте, адам өзінің білімін жаңа сатыға көтеруге әрдайым дайын болуы, оған өзі ынталануы керек. Әйтпесе, қазіргі өзгерістерге ілесе алмай қалып қояды. Бұл жұмыссыздықтың пайда болуына соқтырады, – деді Б.Жарылқасынұлы.

Басқосуда, сонымен қатар, университеттің студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы Асхат Олжабаев өз ұсыныстарын ортаға салып, жастардың Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда аянып қалмайтындығын айтты.

Кездесу барысында студенттер қонақтарға көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптарға қанықты.

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.