Бағдарлы бастаманың берекесі мол болмақ

526

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынып, Үкіметтен қолдау тапқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы Әулиеата өңірінде қарқынды жүзеге асуда. Осыған орай жоба аясында атқарылып жатқан жұмысты зерделеу мақсатында құрылған баспасөз туры іссапарын Жуалы ауданынан бастады.

Мұнда пилоттық жобаны іске асыру үшін таңдалып алынған Ақтөбе ауылдық округінің жобаға қатысушылары 2,5 процентпен несие алып, мал басын көбейтуде. Округте жобаның екінші бағыты бойынша мал алуға 196 тұрғыннан өтініш түскен. Жалпы округте 833,1 миллион теңгеге 3169 бас мал алу жоспарланған. Қазіргі таңда 110 адам «Тараз» əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 346 миллион теңге несиесін рәсімдеп, 107 жылқы, 140 бас мүйізді ірі қара, 230 бас қой сатып алған.
Соның бірі Жаңаталап ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қайырғазы Əбдікерімов. Ол қолы жеткен 5 миллион теңгеге 10 бас жылқы, 25 қой сатып алған. Бұдан бөлек, мал азығы үшін 2 мың түп тайланған шөп, 20 тонна жем дайындаған.
– Шынын айтсам, алғашқыда бұл жоба туралы жете түсінбеген екенмін. Кезінде несие алып ауызымыз күйіп қалғандықтан болар, беттемей жүрдім. Кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізгенде, ол жиынға мен де қатысқан болатынмын. Ол кісі жобаның мақсатын жетер жеріне жеткізе түсіндірген соң, ауылда сең қозғалғандай болды. Қарап тұрсақ, біріншіден пайызы төмен, екіншіден қол жетімді. Пайызы да төмен. бір жыл каникулы бар. Әр тоқсанда бір рет апарып, қаржыңды құясың. Екінші деңгейлі банктердің талабына қарағанда әлде қайда тиімді. Сонымен көршілер бар, ағайындар бар бәріміз несие алу үшін құжат жинастырдық. Қолыма тиген қаржыға 5 бие, 5 байтал слдым. Бие сауып, қымыз өндірсем деген жоспарым бар, – дейді шаруа.
Қайырғазының ауыл сыртында 15 гектар егістік жері бар екен. Ол жерді игеретін техникасы болмағандықтан ауылдық округте жаңа құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне мүше болып кірген.
Бүгінде «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне 207 ауыл тұрғыны мүше болып кірген. Жақында кооператив лизингпен 93 миллион 860 мың теңгеге 18 техника алыпты. Бұл техникалар «Жаңаталап» шаруа қожалығының базасында тұр. Оның үшеуі трактор, біреуі комбайн. Қалғаны тіркемелер құрайды. Кооперативтің атқарушы төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратовты әңгімеге тартқан едік.
– Техникаларды 5 пайызбен 7 жылға лизингке алдық. Техникаларды әкеліп қойғалы бері кооперативке кіруге өтініш бергендердің қатары артты. Біздің міндет жобаның бірінші және үшінші бағыты бойынша кооператив мүшелеріне қолдау көрсету. Олардың мал азығын дайындауға көмектесу. Бақша салуға басқа жұмыстарына қолдау көрсететін боламыз, — дейді З. Сұлтанмұратов.
Кооперативтің алдыға қойып отырған мақсаты көп. Алда жобалық құны 15 миллион теңгені құрайтын консервілеу цехын, ет қабылдайтып цех ашу жоспарларында бар. сүт таситын автокөлік алуды да жоспарлап жүрген көрінеді.
Округтегі екінші елді мекен Бәйтерек ауылының тұрғыны Қанат Төлегенов. Ол 3 миллион 360 мың теңге несие алыпты. Оған 2 бас жылқы, 50 бас қой алыпты. Алған қойларының алды төлдей бастаған. Сондай-ақ үй іргесіндегі жер теліміне 200 түп жеміс ағашының көшетін отырғызған. Ол жерден 5 тоннаға дейін өнім алуда. Келесі ауыл тұрғыны Сержан Әбдуалиев 3 миллион несиеге 4 сиыр, 3 жылқы сатып алыпты. «бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 19 процентпен несие алғанмын. Оған қарағанда мына жобаның проценті әлдеқайда төмен. бұл ауыл тұрғындарының жағдайын көтеруге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын» деп, ой бөлісті. Жалпы бұл кәсіпкер бүгінгі таңда қорасында 12 бас сиыр сауып отыр. осылайша Ақтөбе ауылдық округіндегі тұрғындар жобаға қолдау білдіріп, жұмыс істеп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.