«70 жыл құдайсыз, 30 жыл ұры-қары»: Мәшһүр Жүсіптің болжам жасағаны рас па? (ВИДЕО)

475

Әлеуметтік желілерде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Қазақстанның болашағына қатысты жасаған «болжамын» жиі бөліседі. Factcheck.kz сайты соңғы саяси жағдайға байланысты кеңінен таралып кеткен «70 жыл құдайсыз қоғам болатыны, сосын 30 жыл ұры-қарылар былықтыратыны» жайындағы болжамның Жүсіп Көпейұлының сақталған жазбаларында бар-жоғын анықтап көрді, деп хабарлады turkystan.kz

Ақпараттық ресурс болжамның өзін талдау басылымның міндетіне кірмейтінін ескертеді. Басылым Мәшһүр Жүсіптің дәл осындай көріпкелдігі туралы айтқан беделді тарихшы не зерттеуші пікірі табылмағанын айтады.

Жүсіп Көпеевтің шөбересі бұл «болжамға» толық әрі нақты дәлел жоқ екенін жазған.

Мұндай ақпаратты бөлісетін және тарататын медиа мен тұлғалар дереккөзді белгілемейді, бірақ кейде Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаевтың кітабына сілтейді.

Сол кітапта мұндай «болжамның» тарауына себеп болуы мүмкін тіркес табылды. Мәшһүр Жүсіп жайында кітап жазған оның шөбересі Абай Шарапиев мақаласында «70 жыл елді дінсіздер басқарады, одан кейін 30 жыл ұры қарылар былықтырады, сосын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды» деген болжамы Мәшекеңнің қолжазбаларында, 20 томдық еңбектерінде кездеспеді», – дейді.

Оның сөзінше, Мәшһүр Жүсіптің осы заманға арналған болжамдары туралы Төлепберген Алдабергенов айтқан, ал ол Иманғали Мәненұлының қолжазбаларына сілтеген. Бірақ бұған жазбаша дәлел жоқ.

«Мәшһүрдің мұңы» романының авторы Серік Елікбай Factcheck.kz журналисіне жұрт ішінде Жүсіп Көпеевтің осындай болжам айтты деген аңыз бар екені рас, бірақ дәлелі жоқ дейді.

«Мұндай пікір бар. Бірақ нақты дәлелі жоқ. Ұрпағы да айта алмайды. Еңбектерінің ішінде жоқ. Аңыз секілді. Ал егер, айтылып, жазылып, жойылып кетсе — амал жоқ», – дейді Серік Елікбай.

Мұндай аңыз туралы жазғандардың көбі Философия, саясаттану және дінтану институтының кітабында Мәшһүр Жүсіптің «болжамдары» кеңінен жазылған дейді, біз ол кітапты қарап шықтық. Материалдың «Заман болжауы» (1916–2006 жылдар) бөлімінде, «70 жыл атеистік қоғам мен 30 жыл коррупция» жайында сөз айтылмайды. Тек мынадай жолдар кездеседі:

«…Ал кәпір орысты кендір арқан, – дейді екен.

Кендір арқан 70 жылда бір шіриді деген».

Мәшһүр Жүсіптің дәл осы айтқаны ойдан шығарылған «көріпкелдіктің» себебі болса керек. Ең алғаш бұрмалаған кім екені табылмаса да мұндай ақпараттың тарап жүргеніне 20-25 жылдай болып қалды деуге болады, ал интернетке 8-9 жылдай бұрын келген. Ғаламторда ойшылдың болжамдары туралы алғашқы жазбалардың тарауы 2013 жылдарға келеді. Жазбаларда Мәшһүр Жүсіптің айтқандарын оның өлімінен соң болған оқиғалармен байланыстыруға тырысу байқалады. Осылар да болжам туралы фейк деректерге алып келуі мүмкін.

Ал әлеуметтік желідегі өлең кімдікі? Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде алғашқы жарияланымы 2019 жылға келетін өлең тараған. Авторы Мәшһүр Жүсіп екені жазылған. Өлеңде келесідей жолдар бар:

«Қазақ елі 70 жыл құдайсыз жүріп қағынар,

Құбыласын ұмытып, Кремлге табынар,

Күтіп жатқан алдында тәуелсіздік таңы бар,

Басымыз бұлттан арылар,

Заманым қайта тарылар, 30 жыл елді билейді ұрылар мен қарылар…».

Аңыздың шығуына осы өлең жолдары да себепкер болса керек. Алайда оның авторы Мәшһүр Жүсіп екеніне дәлел табылмады. Оның үстіне бұл өлеңнің таралуы тек әлеуметтік желілермен шектелгенін ескерген жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.