«65 жыл бұрын сібір жарасынан өлген малды көмген»: Алматы облысында тұрғындар жерлерін рәсімдей алмай отыр
Фото: Видеодан скрин
Қараой мен Нұрғиса Тілендиев ауылының мыңнан аса тұрғыны 2011 жылы мемлекеттен жер телімін жалға алып, келісімді ұзартып қана пайдаланып келген. Алайда биыл маусым айында әкімдік бұл жер сібір жарасының ошағы болуы мүмкін деп, халықтың жылжымайтын мүлкін заңдастырудан бас тартыпты. Ал халық тірнектеп жиған ақшамызға үй салып, қора тұрғыздық. Енді соның барлығы бекер болды ма, дейді.
“Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін, қазір аяқталды, біраз адамда аяқталды. Жер телімінің уақыты аяқталды, біз жер телімін мемлекетке қайтарыңыздар деп айтама деп қорқамыз. Ал олай деп айтқан жағдайда, сол жерге салған үйлеріміз заңдастырылмаған. Оны біздер бағалауға бере алмаймыз. Сол негізінде мемлекет біздерге өтемақы да бермейді”, – дейді Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғыны Айнаш Иманғалиева.
Ал ауыл тұрғындары дәл осы орынға сібір жарасынан өлген малдарды көмген дегенге сенбейді.
“Осы жерде мал көметін жер болған бұрынғы уақытта. Осыған сүйеніп бұл кісілер сібір жарасы осы жерде бар деп отыр. Адамдардың бәрі осы жерде жүріп, қазір ғана біліп отырмыз сібір жарасы анықталды дегенді. 65 жыл бойы үкімет қайда қараған?”, – дейді Қараой ауылының тұрғыны Дулат Шаймарданұлы.
Ал әкімдіктегілер ақпараттың анық-қанығын білу үшін ауданнан арнайы комиссия құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізетінін айтты. Айтуларынша, қоршаған ортаға қауіп болмаса тұрғындардың жер телімін заңдастыруға рұқсат береді.
“Жақын арада денсаулық сақтау министрлігі хаттарының жауаптары келетін болса, бір шешімге келеді деп ойлаймыз. Сол кезде ғана біз комиссияның шешімімен облыстық архитектураға ұсыныс білдіріп, егжей-тегжей жоспарынан алдырып тастауға мүмкіндігі бар”, – деді Қараой ауылдық округінің әкімі Қайрат Отарбаев.
Ал Іле ауандық прокуратурасының мамандары болса, бұл іске байланысты қылмыстық істің жүріп жатқанын хабарлады. Осыған дейін Қараой ауылдық округін басқарған үш әкімге қатысты қылмыстық кодекстің 362 бабы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) және 371 бабы (Салғырттық) бойынша тергеу жүріп жатыр.
https://stan.kz/65-zhil-byrin-sibir-zharasinan-olgen-maldi-komgen-almat-403908/