Тағдырдың тәлкегімен темір торға тоғытылғандардың қоғамға қайта бейімделуі қиын. Сол себепті, оларға арнайы мамандардың көмегі мен психологтардың қолдауы аса қажет. Бұл ретте түзеу мекемесі қызметкерлерінің де еңбегі орасан.
Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекемесінде жазасын өтеп жатқан, мерзімі аяқталуға жақын сотталғандарды қоғамға бейімдеу және еркіндікке дайындау мақсатында «Свободная воля, агентность и смысл жизни» тақырыбында кездесу өтті. Оның барысында мекеме психологы Шырай Ерназарова бас бостандығынан айрылған азаматтардан түрлі тест алып, дәріс оқыды. Сонымен қатар бостандыққа шыққан азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін көмектер туралы толығырақ айтып өтті.
Айта кетейік, аталған іс-шараның басты мақсаты — жаза мерзімін өтеп жүрген сотталғандарды бостандыққа даярлау, әлеуметтік құқықтық көмек көрсету.