Ана — қолындағы сәбиімен сұлу, алдындағы бесігімен әсем бола білген аяулы жан.
Халқымыз қашан да ананы ардақтап, әйелдерді қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі деп бағалаған.
Елімізде алтын құрсақ аналар жолын жалғастырушы жас аналарға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жыл өткен сайын ана мен балаға деген қамқорлықтардың көлемі артуда.
Бүгін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Сәкен Мамытов көп балалы аналарды қабылдап, салтанатты жағдайда «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгілерімен марапаттады.
Отбасында бала тәрбиелеп, әр салада тыңбай еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосқан аналар еңбегі әрқайсымыз үшін үлгі-өнеге екендігін айтып, мәртебелі дәрежелерімен құттықтады.
Өз кезегінде марапат иелері де көп балалы аналарға қолдау білдіріп, қамқорлық танытып отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, аудан басшылығына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда ауданымызда 134 «Батыр» ана, 687 «Алтын алқа» және 963 ана «Күміс алқа» иегерлері бар.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі