500 млн теңгеге түсіріліген фильмді 325 адам көрген – Дәулет Мұқаев

114

Мәжіліс отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында Дәулет Мұқаев миллиондаған қаражатқа түсірілген көптеген фильм жеме-жемге келгенде салынған қаржыны ақтамағанын айтты.

Депутат «мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінетінін» айтты. Өйткені, оның пікірінше, Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес.

«Тіпті халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз» деген депутат осы сөзіне бірнеше мысал келтіріп өтті.

«Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген. Енді қараңыздар, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы – небәрі 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 проценті ғана», — дейді ол.

Бұған қоса, Satai film түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн теңге болған. Медет фильм түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.

«Ал «Жизнь» фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге деп алсақ, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс.

Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!», — дейді депутат.

«Мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп қуанып жатқаны шамалы» деген Мұқаев отандық киноөндіруші ұйымдардың кинотеатрларда фильмдерді көрсетуінде де қиындықтар бар екенін алға тартты.

Депутаттың сөзінше, ол – жарнаманың әлсіздігі, оған арнайы қаражаттың қарастырылмауы.

«Мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің жарнамасы жоқтың қасы. Қаншама фильмдер түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек «Досмұқасан» ғана.

Бүгінде әлемдік тәжірибеде кино экономиканың қозғаушы драйвері болып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қаншама қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдердің қызығын халық көруі қажет.

Мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті киножобаларымен келген киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет», — деп түйіндеді сөзін депутат.

https://turkystan.kz/article/238947-500-mln-te-gege-t-siriligen-filmdi-325-adam-k-rgen-d-ulet-m-aev

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.