4G мобильдік интернет желісі іске қосылды
Қазіргі таңда қоғам үшін байланыстың маңызы зор. Заманға сай технология да дамып, сапалы байланыс пен интернетке қолжетімділік артып келеді. Халықтың сұранысы қанағаттандырылып, ауданның бірқатар ауылы мен елді мекендерінде байланыс желілерінің мұнаралары орнатылуда.
Ораза айт мерекесінің қарсаңында Жуалы ауданындағы Шақпақ ауылдық округіне қарасты генерал Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында Belline байланыс операторының 4G мобильдік интернет желісі қосылған мұнарасы салтанатты жағдайда ашылды.
Ашылуға Жамбыл облысының Belline компаниясының басшысы Алмас Асанов және компания менеджері Сержан Имаш, ауылдық округтің әкімі Затыбек Пашенов және ауыл тұрғындары қатысты.
– Қасиетті Ораза айт мерекесінде ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болуда. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бірден-бір көрінісі. Тәттібайлық ағайындар байланыс сапасының нашарлығын айтып, жиындарда бірнеше рет осы сауалға жауап іздеген болатын. Бүгінде міне, сапалы интернетке қол жеткізіп отыр, – деді округ әкімі Затыбек Пашенов.
Сондай-ақ шарада сөз алған Belline компаниясының өкілдері, №28 Амангелді атындағы орта мектептің директоры Айгүл Имашева, ауыл ақсақалдары Лесбай Назарбаев, Қайып Қаражігітов ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Әрі қарай, Belline байланыс операторының 4G мобильдік интернет желісі қосылған мұнараның қызыл лентасы салтанатты жағдайда қиылып, ауылдың ақ жаулықты әжелері тәттіден шашу шашты.